СҚО-да екі ірі көпір апаттық жағдайда

Солтүстік Қазақстан облысында екі ірі су қоймасының көпірі апаттық жағдайда тұр. Жол өткелдерінің тіреуіштері бір-бірінен ажырап, жарыла бастаған. Бұл ретте мамандар ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қою керек деп дабыл қағып отыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Сергеев су қоймасындағы көпір 1969 жылы салынған. Содан бері бір де бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Ал өткел былтыр апаттық деп танылды. Енді онымен салмағы 32 тоннадан асатын жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Көпір үстімен тәулігіне 300-ге жуық жүк көлігі өтеді. Мамандар шектеу белгілерін қойғанымен олардың ешқайсысын тоқтатып тексере алмайды.

«Өткен жылы көпфакторлы тексеріс өткізді. Сол көпір апаттық деп танылды. Нақты айтсақ, «Т» тәрізді бетон тіреуіштерге зиян келіп жатыр. Бұл көпірдің астымен Есілге Сергеев қоймасына сыймаған су ағады. Ал оның сыйымдылығы 700 млн текше метр», – деді Сергеев су торабының бастығы Бақытжан Амантаев. 

Енді мамандар өткелдің екі жағына өлшеу құралдарын орнатуды жоспарлап отыр. Ол әр көліктің салмағын автоматты түрде анықтайды. Жүк көліктің салмағы шамадан тыс болса, мемлекеттік нөмірі арқылы айыппұл салынады. Бұл жүйеге 40 млн теңге қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысындағы су жүйесін осы және Петропавлдағы торап реттейді. Оның да көпірі апаттық жағдайда. Өткелдің бетон тіреуіштері бір – бірінен ажырап, жарыла бастаған. Мамандардың айтуынша, «бұның арты ірі апатқа әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан көлік қозғалысын шектеу керек» дейді. Ол үшін айналма жолдар да бар.

«Сергеев су қоймасындағы автомостың бұзылуы ол бүкіл гидроузельдің жұмысының тоқтауына әкелуі мүмкін. Бұл – үлкен мәселе. Петропавл су қоймасындағы көпірдің бұзылуы да жүйенің техникалық жағдайының нашарлауына әкеліп соғады», – деп отыр «Қазсушар» РМК СҚОФ директоры Шұғайып Ибатуллин.

Биыл апаттық деп танылған қос көпірді толық тексеру үшін республикалық бюджеттен 140 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның қорытындысы бойынша күрделі жөндеуге жобалық – сметалық құжаттар дайындалады.

Тағы оқыңыз: Шал ақын ауданында бірыңғай азаматтарды қабылдау күні өтті

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x