Қазақстанда дәрігерлер, инженерлер және техникалық мамандар жетіспейді. Әсіресе денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Кейбір мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарының саны жұмыс іздеушілерден бірнеше есе көп, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде акушер-гинекологтарға 469 бос жұмыс орны ұсынылған. Алайда бұл мамандық бойынша небәрі 100 түйіндеме тіркелген. Яғни бір жұмыс іздеушіге шамамен бес бос орыннан келеді.

Педиатрларға да сұраныс жоғары. 448 бос орынға бар болғаны 139 адам түйіндеме жолдаған. Ал анестезиолог-реаниматологтарға арналған 300 орынға 75 үміткер ғана тіркелген. Сондай-ақ онколог, неонатолог және эндокринолог мамандары жетіспейді.

Елде тек дәрігерлер ғана емес, қолынан іс келетін жұмысшылар да тапшы. Кәсіпорындарға электриктер, механиктер, слесарьлар, дәнекерлеушілер, машинистер, құрылысшылар мен жүргізушілер қажет. Сонымен қатар инженерлерге, өндірістік жабдық операторларына және автоматтандыру саласының мамандарына сұраныс артып келеді.

Бұған жаңа өндіріс орындарының ашылуы, кәсіпорындардың жаңғыртылуы, құрылыс пен инфрақұрылымның дамуы әсер етіп отыр. Жұмыс берушілер мамандардан кәсіби біліммен қатар заманауи технологияларды меңгеруді де талап етеді.

Ақпараттық технологиялар саласында да жұмысшылар қажет. Әсіресе бағдарламашыларға, қосымшалар әзірлеушілерге және цифрлық жүйелермен жұмыс істейтін мамандарға сұраныс бар. Жасанды интеллект пен автоматтандырудың дамуы бұл бағыттың маңызын арттыра түсті.

Алдағы жылдары кадрға деген қажеттілік одан әрі өседі. Болжам бойынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Оның жартысынан астамы жұмысшы кәсіптерінің өкілдері болуы тиіс.

Осыған байланысты елімізде сұранысқа ие мамандықтардың тізімі кеңейтілді. 2026 жылы олардың саны 51-ден 174-ке дейін өсті. Жаңа тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы салалары енгізілді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да орақ науқаны аяқталуға жақын

Поделиться:

Shares