Петропавлдың 11 көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Петропавлдың 11 көшесін жөндеу жұмыстары жартылай аяқталды. Қазір Жамбыл, Кизатов, Жуков көшелерінде тиісті шаруа жүргізіліп жатыр. Оларды жөндеп болған соң, Назарбаев көшесі қалыпқа келтірілмек, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Әбден тоз-тозы шыққан Петропавл жолдарын қалыпқа келтіруге биыл ерекше көңіл бөлінген болатын. Орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қазынадан 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сөйтіп, Горький көшесін қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталмақ. Жобаға сәйкес мұнда суағарлар, тортуарлар ауыстырылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылуда. Сонымен қатар, жаңа автобус аялдамалары қойылады.

«Труд көшесіне дейінгі аралықта қайта құру жұмыстарын жүргізіп, кеңейту көзделген. Одан Петров көшесіне дейінгі аралыққа да орташа жөндеу жасалмақ. Өйткені, соңғы жылдары қаламызда көлік қозғалысы әлдеқайда көбейген. Жуық арада «Жас Өркен» ықшам ауданындағы жаңа үйлер қолданысқа беріледі. Сәйкесінше, ол жақта қозғалыс тағы артады. Сол үшін жолдарды жаңартып, кеңейту бойынша әлі біраз еңбектену керек. Мұнымен тоқтап қалмаймыз», – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарына қала бойынша 1 мердігер ұйым жауапты. Ал, орташасын жүргізу үшін әр түрлі компаниялар тартылған.

«Солнечный» ықшам ауданындағы 6 көшені жөндеу үшін 2 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазір конкурстық жұмыстар жүргізілуде. «Орман» ықшам ауданында да тиісті шаруа жасалады, конкурс жарияланды. Биыл жол жөндеу жұмыстары басқаша өтіп жатқанын байқаған боларсыздар. Қазір асфальттің беткі жабынын алып, жаңасы төселуде. Осыған дейін үсті-үстіне жапсыра беретін еді. Содан жол биіктеп кететін. Бұдан кейін жаяу жүргіншілер жолын да көтеруге мәжбүр болатынбыз», – деді Әділбек Әубәкіров.

Жалпы, Петропавлда шамамен 323 көше бар. Соның тек 123-і қатты жабынмен қапталған екен. Қала әкімінің орынбасары келешекте жұмсақ жолдар біртіндеп асфальтталатынын айтты.

Тағы оқыңыз: Облыстағы АХАТ-тың 14 бөлімшесі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қосылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x