Петропавлда Qyzyljar Investment Forum – 2024 халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері және қаржы институттарының мамандары қатысты. Форумға келушілердің назарына алдымен көрме ұсынылды

Петропавлда Qyzyljar Investment Forum – 2024 халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері және қаржы институттарының мамандары қатысты. Форумға келушілердің назарына алдымен көрме ұсынылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Соңғы үш жылда облысқа 2 млрд 200 млн АҚШ доллары тартылған. Инвестицияның нақты өсімі 140 пайызды құрапты. Аймақ басшысының сөзінше,  облыстағы инвестицияның 40 пайызы ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Сәйкесінше, жалпы өнімнің төрттен бірі дәл осы салаға тиесілі.

Петропавлда халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті
Петропавлда халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті

«Солтүстік Қазақстан облысында 46 тауарлы-сүт фермасы бар. Республиканың әрбір екінші сүт  фермасы біздің өңірде салынуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай облысымыздың тәжірибесі бүкіл елде қолданылуда. Аймағымыз аграрлық секторда жетекші орынға ие болғанымен, біздің алдымызда аграрлық экономикадан, аграрлық-индустриалды экономикаға көшу міндеті тұр. Бүгінде көптеген бизнес өкілдері  өңірге инвестиция құюға мүдделі. Петропавлда «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Онда қазір төрт ірі компания табысты жұмыс істеуде. Тағы 16 компания  632 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Бұл дегеніміз облыста үш мың тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз. Мұның барлығы өңірдегі инвестициялық жағдайға  оң әсерін тигізеді», – деді форумда сөйлеген сөзінде СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Петропавлда халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті
Петропавлда халықаралық инвестициялық-құрылыс форумы өтті

Өңірде соңғы үш жыл ішінде құрылыс көлемі 70 пайызға өскен. Петропавлда тұрғын үй құрылысы, жөндеу, коммерциялық тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени, білім беру және құрылыс нысандары бағдарламаларын іске асыру жобаларын қарастыратын егжей-тегжейлі қала  жоспары да  бекітілген. Облысымыздың әлеуеті зор екенін тілге тиек ете отыра, өңір басшысы инвесторларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«СҚО-дағы  негізгі капиталға құйылған  инвестиция көлемі 17,3 пайызға өсті. Атап айтатын болса, өңірдегі құрылыс саласы 3,5 пайызға, көлік екі пайызға, ақпарат және коммуникация саласында да өсім  2 пайызға көбейген. Өткен жылдың 9 айында Солтүстік Қазақстан облысына 283 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция құйылған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда үш есе көбейгенін көрсетеді», – деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов.

Халықаралық жиынға қатысқан инвесторлардың бірі Италиялық Prosol компаниясының атқарушы директоры – Сырым Абылғазиев. Бұл компания қарашада «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы атанды. Шетелдік инвестор азықтық ашытқы шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Оны құрама жем өндірісінде және мал азығы рационында биоқоспа ретінде қолданады.

«Зауыт жылына  300 мың тонна өнім өндіруге  қауқарлы. Біз солтүстік өңірді таңдаған себебіміз – бұл жерде логистика жүйесі жақсы дамыған. Және әкімдік тарапынан қолдау бар. Жобаның инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңгені құрайды. Шамамен 50 жаңа жұмыс орны ашылады. Біз Қазақстан бойынша тек СҚО-да ғана өз зауытымызды салып жатырмыз», – деді Сырым Абылғазиев.

Тағы оқыңыз: Петропавлда техникалық қызмет көрсету станциясында өрт шықты

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x