Оқу өңірдің туристік әлеуетін арттыру және қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында ұйымдастырылған. Курсқа 20-ға жуық адам қатысуда. Болашақта туристерге өңірдің тарихын, мәдениетін және көрікті жерлерін таныстыратын мамандарға тәжірибелі сарапшы, Ұлы Жібек жолының WFTG бойынша ресми гиді, Қазақстан Гид-экскурсоводтар одағының президенті дәріс беруде.
Оқу тек теориямен шектелмейді. Қатысушылар қаланың тарихи, мәдени және туристік нысандарында тәжірибе жинап, экскурсия жүргізудің қыр-сырын меңгеруде. Атап айтқанда, гидтер Ботаникалық бақта, Локомотив депосы музейінде, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде, Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында және «АртБотай» заманауи өнер галереясында тәжірибеден өтеді.
Сонымен қатар Ислам мәдениеті музейі, «Қызылжар» мешіті, Әулие Петр мен Павел соборы, костел мен синагога да оқу бағытына енгізілген.
Курс барысында тыңдаушылар туристермен қарым-қатынас жасау, көпшілік алдында сөйлеу, тарихи деректерді әсерлі жеткізу және шетелдік қонақтарға қызмет көрсету стандарттарын үйренеді. Сондай-ақ экскурсияны қызықты ұйымдастырудың заманауи әдістерін меңгереді.
«Оқудың басты мақсаты – Петропавл мен Солтүстік Қазақстан облысының туристік бағыттарын дамытуға қабілетті, кәсіби гидтерді даярлау. Өйткені саяхатшының өңір туралы алғашқы әсері көбіне оны қарсы алып, қаланың тарихымен таныстыратын экскурсия жетекшісіне байланысты»-дейді ұйымдастырушылар.
10 күндік бағдарламаны толық аяқтап, қорытынды емтиханнан сәтті өткен қатысушыларға сертификаттар мен әдістемелік материалдар табысталады.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық конькимен жүгірушілер ел чемпионатында алты алтын еншіледі

