Маусымның 7-сі Петропавлда қатты жел соғып, нөсер жауын жауды. Дүлей дауылдан ағаштар құлап, тұрғындар жарықсыз қалған. Әлі күнге дейін қаладағы бірқатар нысандар электр энергиясынсыз отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірде бірнеше күн бойы жоғары температура сақталып, аптап ыстық болды. Ал, кеше кешке ауа райы күрт өзгеріп сала берді. Қатты жел тұрып, нөсер жауын жауды. Синоптик мамандардың айтуынша, 16 минуттың ішінде 17,9 мм жауын-шашын түскен.
«Қатты жауынның салдарынан Қазақстан Конституциясы 55, Астана 39 мекенжайларындағы көпқабатты үйлердің шатырынан су аққан. Әйтеуір пәтерлерге су кірген жоқ. Әкімдік мамандары бұл үйлерге бірден барып, учаскелерді тексерді. МИБ және ПИК төрағаларымен, сондай-ақ тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгін баспаналарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде», — дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.
Дүлей дауылдан ағаштар мен бұтақтар сынып, жерге құлады.
«iKomek 109 орталығына мұндай 19 хабарлама келіп түсті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қала әкімі мамандарымен бірге бірден шаһарды аралап, дауыл салдарын тексеруге шықты. Соның барысында ағаш пен бұтақтар құлауының 24 фактісі анықталды. Ең бірінше кезекте ағаштар көшелер мен аулалардағы жолдардан алынып тасталды. Кейін коммуналдық қызметтер ағаштарды шығаруға кірісті. Шаруа әлі де жалғасып жатыр», — деп мәлімдеді спикер.
Сондай-ақ, дауыл мен нөсер жаңбырдан облыс орталығындағы 13 қосалқы станцияда апат болып, кей аудандар жарықсыз қалған. Бірнеше сағаттың ішінде жағдайды реттеу үшін тиісті жұмыстар атқарылды. Дегенмен, промзона, балық питомнигі мен 20-шы ықшам ауданының кей бөлігінде әлі күнге дейін электр энергиясы жоқ. Әкімдіктегілер жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп сендірді.
Тағы оқыңыз: СҚО тұрғыны қуыршақтар коллекциясын жинайды