Мамлют ауданында көпбалалы отбасы дәмхана ашты

Мамлют ауданында ұлттық және шығыс асханасының дәмдерін ұсынатын алғашқы дәмхана ашылды. Қоғамдық тамақтану орнын көпбалалы отбасы ұйымдастырған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Мақпал Тоқтанаева отбасымен Солтүстік Қазақстанға 2019 жылы Тараз қаласынан қоныс аударған. Мамандығы заңгер болса да, ас әзірлеу жанына жақын. Сондықтан бүгіндері сүйікті ісін, бизнеске айналдырған.

«Жетінші сыныпта оқығанда түрлі тоқаштарды пісіріп, буфетке жасырын қойып сататын едім. Сыныптастарымнан ұялатынмын. Негізі менің ата-анам тамақты жақсы пісіреді. Нағашы әжем аспазшы болған. Ас әзірлеу өзіме қатты ұнайды. Карантин кезінде үйде тапсырыс қабылдап, түрлі өнімдерді пісіріп жүрдім. Базар жақта сауда жасадым. Сол кезде де түрлі тоқаштарымды сатып, пайда таптым», – дейді Мақпал.

Мақпал Тоқтанаева Мамлют ауданына келгесін де сүйікті ісін жалғастыруға бел буған. Бала күтімі бойынша демалысқа шыққан ол, қол қусырып отырмай түрлі шараларға қатысады.

«Мен екі жыл қатарынан наурыз мерекесінде Мамлютка қаласындағы орталық алаңда палау пісірдім. 30 келі күріштен палау пісіріп, көпшілікке тараттық. Содан бастап тұрғындар мені тани бастады. Тапсырыс береді. Әсіресе, үлкен жиындарға дастархан жасауға тапысырыс көп түседі. Астың бәрін даладағы отқа, қазанға дайындаймын. Дәмді болады. Жұртқа да ұнайды. Кейбір кісілер ас дайын болғанша қасымда қызықтап бірге жүреді», – деп өз құпиясымен бөлісті көпбалалы ана.

Көпшіліктің көңілінен шыққан соң Мақпал Тоқтанаева шағын болса да дәмхана ашуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 17-ші ақпан күні Мамлютка қаласында қазақ-шығыс асүйінің тағамдарын дайындайтын дәмхана салтанатты түрде ашылды.

 

 

Жаңа нысанды ұйымдастыруға олар өз қаражаттарын жұмсаған. Бұл күні отбасылық қуанышқа ортақтасып келген әрбір жанға дәмхана иелері тегін дастархан жайып, тағамдардан дәм тартқызды. Оған қоса, тұрақты клиенттеріне айналған ауылдастарына үйіне жеткізіп берген. Осылайша, 100-ден астам тұрғынға қызмет көрсетті.

«Қазіргі кезде 11 адам жұмыс істейді. Ас мәзірін өзім дайындаймын. Қазақтың еті, түріктің қазан-кебабы, өзбектің палауы, дүнген мен ұйғырлардың лағманы бар. Жалпы шығыс асханасының барлық тағамдарын әзірлейміз. Мәзірге әр ұлттың негізігі тағамдарын қостым. Қазір шах палау сұранысқа ие. Ол – қамыр ішіне салынып пісірілетін палау. Оны тіпті Петропавл тұрғындары да тапсырыспен алдыртады. Өзіміздің қолдан келгесін кәсіпті бастадық. Қазір құжаттарын толық реттеп жатырмыз. Аудандық орталық ауруханада буфет аштық», – дейді кәсіпкер.

Көпбалалы ана болашақта ас мәзірін ұлғайтып, кәсібін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

 

Тағы оқыңыз: СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметінен кетті

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x