2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Алайда міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік күшінде қалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Министрліктің түсіндіруінше, өзгеріс мемлекеттік кепілдіктің жойылуына емес, өтемақы төлеу тәртібіне қатысты болады. Яғни заңда қарастырылған кепілдік бұрынғыдай сақталады.
Енді қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың тек 50 пайызына ғана берілген болатын.
Салымшылар басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және тәуекел деңгейін өздері таңдай алады. Бұл азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқаруға көбірек мүмкіндік береді.
Ал Ұлттық банк бұрынғыдай зейнетақы активтерінің негізгі бөлігін басқарып, олардың сақталуы мен ұзақ мерзімді табыстылығын қамтамасыз ету жұмысын жалғастырады.
Министрлік инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға да қатаң талап қойылатынын атап өтті. Егер заңда белгіленген ең төменгі кірістілік қамтамасыз етілмесе, компания айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
Ведомствоның мәліметінше, бұл өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіруге, азаматтардың таңдау мүмкіндігін кеңейтуге және инвестициялық компаниялардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жылжымалы медициналық кешендер үш айда 15 мыңнан астам тұрғынды тексерді

