Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы сүт өндірісі 5,9%-ға артып, 59,6 мың тоннаға жетті. Өңірде 42 заманауи сүт кешені бар. Алдағы уақытта олардың қатары тағы арта түспек, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2025 жылдың бірінші тоқсанында облыста 17 704,1 тонна ет өндіріліп, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,7% құрады. Сүт өндірісі 5,9%-ға артып, 59,6 мың тоннаға жетті.

Облыстың сүт-тауарлы фермалар құрылысы бойынша жетістіктері ерекше атап өтіледі. Бұл тәжірибе бүкіл республика бойынша таралып, мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды. Қазіргі уақытта өңірде 600-ден 1800-ге дейін сауын сиыр ұстайтын 42 заманауи сүт кешені жұмыс істейді.
2024 жылы республика бойынша салынған 39 ферманың 17-сі Солтүстік Қазақстан облысында іске қосылды. Бұл фермалар толық қуатында жұмыс істегенде қосымша 65 мың тонна сүт өндіреді. Нәтижесінде, облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бір сиырдан орташа сүт сауымы 6 582 кг-ды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 739 кг-ға артты.
Облыста Орталық Азиядағы ең ірі мал шаруашылығы жобаларының бірі – «Зенченко и К» компаниясының мегафермасы салынуда. Бұл кешен 8 мың бас ірі қара мал ұстауға арналған және саланың жаңа эталонына айналады. Жоба заманауи цифрлық технологиялармен қамтылған. Мұнда жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, малды басқару, жануарлар денсаулығын бақылау және өндірістік процестерді жаңа деңгейге көтеру қарастырылған. Бұл ауқымды жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өңірдің заманауи агротехнологиялар орталығы ретіндегі мәртебесін растайды.
Мал шаруашылығын дамытуда Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің жетекші өңірлерінің бірі болып табылады. Заманауи технологияларды енгізу, инвестицияларды тарту және өндірістік қуаттарды арттыру арқылы өңір агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына үлес қосуда.
Тағы көріңіз: Солтүстік Қазақстанда көкөністер бағасы күрт өскен