Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылғы сәуір айында инфляция деңгейі жылдық есеппен 10,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден жоғары болып отыр. Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің мәліметінше, азық-түлік тауарлары 9%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%, ал халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 12% қымбаттаған. Әсіресе көкөністер бағасы айтарлықтай өскен, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бір жыл ішінде азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, балық және теңіз өнімдері – 16%, тұздалмаған сары май, темекі өнімдері – 15%, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар – 14%, сүзбе – 13,5%, ет – 10,5%, шұжық өнімдері – 10%, алкогольді ішімдіктер – 9%, жемістер – 8%, сүт өнімдері – 4%, қант – 2,5%.

Әсіресе, көкөністер бағасы айтарлықтай көтерілген. Мәселен, пияз – 98%, қырыққабат – 72%, картоп – 69%, қызылша – 23%, қызанақ – 22%-ға өскен. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында ойыншықтар – 22%, киім мен аяқ киім – 12%, жеке тұтынуға арналған тауарлар мен құралдар – 8%, фармацевтикалық өнімдер – 5%, жуу және тазалау құралдары – 3%-ға және энергия ресурстары бензин, дизель отыны – 3% қымбаттады. Бөлу жүйелері арқылы тасымалданатын газ тарифі – 17% артты.
«Ақылы қызметтер саласында да айтарлықтай өсім тіркелген, жеке көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу – 26%, шаштараз және сұлулық салондары қызметтері – 18%, интернетке қосылу абоненттік төлемі – 13%, қоғамдық тамақтану қызметтері – 10%, тұрғын үйді жөндеу және қызмет көрсету – 6%, тұрғын үйді жалға алу ақысы – 11%, автомобильмен жолаушы тасымалдау қызметтері – 4%. Бұл көрсеткіштер облыстағы тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етіп отыр. Бағаның өсуі әсіресе азық-түлік және коммуналдық қызметтер саласында байқалады. Мамандардың айтуынша, инфляция деңгейін төмендету үшін нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін арттыру қажет», — деп көрсетілген Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпаратта.
Тағы көріңіз: СҚО-да 14 618 бала тегін спорт секцияларына қатысады