Солтүстік Қазақстан облысында он айда 135 кәсіпкер сауда ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 126-сы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырып жіберген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 818 тұтынушының өтініші қаралған. Мамандардың көмегімен тұрғындарға 23 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын негізгі сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек. Алайда биыл 19 қазаннан бастап шығындарды есептеу тәртібі өзгерді. Енді кәсіпкерлер тауарды тасымалдауға немесе импорттауға жұмсалған, құжатпен расталған шығындарды қосымша есепке ала алады. Сондай-ақ дүкен сөресіндегі баға мен кассадағы баға әртүрлі болса, сатып алушы артық ақша төлеуге міндетті емес.

СҚО-да тауар бағасын негізсіз көтерген 126 кәсіпкер жазаланды
СҚО-да тауар бағасын негізсіз көтерген 126 кәсіпкер жазаланды

«Мысалы, баға көрсеткішінде 19 990 теңге деп жазылған, ал кассада сол тауар үшін 22 990 теңге сұрайды. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 24-бабына сәйкес сатушы тауарды баға көрсеткішінде көрсетілген бағамен сатуға міндетті», – деп түсіндірді СҚО сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Абаев.

Егер сатып алушы артық ақша төлеп қойса, айырмасын қайтарып алуға құқылы. Мұндай заң бұзушылық үшін кәсіпкерлерге 25 950 теңгеден 129 750 теңгеге дейін айыппұл салынады. Мамандардың айтуынша, чектің болмауы да тауарды қайтаруға кедергі емес. Сатып алған затты банк қосымшасындағы төлем түбіртегі, куәгерлердің сөзі, фото немесе бейнежазба арқылы растауға болады.

Егер сатушы тауарды айырбастаудан немесе ақшаны қайтарудан бас тартса, оған жазбаша талап жолдау қажет. Сатушы талаппен келіспеген жағдайда 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап беруге міндетті. Мәселе шешілмесе, тұтынушылар e-Otinish жүйесі арқылы департаментке шағымдана алады.

Поделиться:

Shares