Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде тұрғындарға көптеген қымбат медициналық қызмет қолжетімді болды.
«Бұрындары қымбат зерттеулер (КТ, МРТ), медициналық тексерістер, түрлі оталар, оның ішінде нейрохирургиялық, жүрекке ота жасау сынды көмек халыққа қолжетімсіз еді. Қазір азаматтар мұндай медициналық көмекке қол жеткізе алады», – деді Талғатбек Тілеубердин.
Оның айтуынша, күрделі оталардың құны 650 мың теңгеден 10 млн теңгеге дейін жетеді. Бүгінде мұндай медициналық қызметтер қор есебінен қаржыландырылады.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған тұрғындар дәрігердің жолдамасы бойынша КТ және МРТ зерттеулерінен де өте алады. Ал онкологиялық ауруларды анықтау үшін мұндай тексерулер сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі.
Қазір қор МӘМС 2.0 жүйесіне көшу аясында жасанды интеллектіні бірнеше бағыт бойынша сынақтан өткізіп жатыр. Соның бірі – тұрғындарға телефон арқылы берілетін кеңестердің сапасын тексеру.
«ЖИ-жүйе қоңырауларды талдайды, қате немесе толық емес жауаптарды анықтауға көмектеседі және қолмен тексеру үшін таңдаулы хабарламаларды қалыптастырады», – деді Талғатбек Тілеубердин.
Әзірге бұл жүйе сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Болашақта ол қор қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге көмектеседі.
Сондай-ақ жасанды интеллектіні медициналық қызметтерді сатып алу, емдеу көлемін жоспарлау және медициналық ұйымдардың жұмысын бақылау кезінде қолдану көзделген. Жаңа технология көптеген мәліметті салыстырып, күмәнді деректерді анықтауға көмектеседі. Алайда соңғы шешімді қор мамандары қабылдайды.
Тағы бір маңызды бағыт – медициналық қызметтерге ақы төлеу кезінде ықтимал заңбұзушылықтарды анықтау. Бұл үшін антифрод жүйесіне жасанды интеллект енгізілмек. Осылайша қор өз жұмысының ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздеп отыр. Аталған жұмыстар 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында жүзеге асырылуда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да науқастарды стационарда емдеуге 2,4 млрд теңге жұмсалды

