Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының мәліметінше, қалалық, облыстық және жекеменшік клиникаларда стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетуге 1,3 млрд теңге бағытталған. Атап айтқанда, хирургиялық бейін бойынша 4 780 емдеу жағдайына 526 млн теңге, терапиялық бейін бойынша 8 386 жағдайға 724 млн теңге жұмсалған.
Ал аудандық ауруханаларда 13 170 стационарлық емдеу жағдайы тіркелген. Оның 13 100-і міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қаржыландырылған. Көрсетілген қызметтердің құны 1,1 млрд теңгені құрады.
«Стационарда пациенттерге жоспарлы немесе шұғыл нысанда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Ол тексеру, диагностика, емдеу, медициналық араласулар мен операциялар жүргізуді, сондай-ақ амбулаториялық немесе стационарды алмастыратын жағдайларда емдеуді жүргізу мүмкін болмаған жағдайларда тәулік бойы бақылауды қамтиды», – деп хабарлады Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Жоспарлы түрде ауруханаға жату немесе ота жасату үшін тұрғындар өздері тіркелген емхананың дәрігеріне жүгінуі қажет. Маман тиісті тексерулерден кейін медициналық көрсетілімдер болған жағдайда емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жолдама рәсімдейді.
Пациенттер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымды өздері таңдауға құқылы.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 364 мыңнан астам тұрғын дауыс бере алады

