Солтүстік Қазақстан облысында 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық жалғасуда. Өңірде 543 сайлау учаскесі құрылып, 364 мыңнан астам тұрғын сайлаушылар тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Сағындық Рахымжанның айтуынша, өңірде 15 мәслихат жұмыс істейді. Оның бірі облыстық, бірі қалалық, қалған 13-і аудандық мәслихат.

Облыстық мәслихатқа 30 депутат сайланады. Олардың жартысы партиялық тізімдер, қалғандары бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары тек бірмандатты округтер бойынша анықталады.

«Барлығы 178 округ бойынша 560 кандидат ұсынылды. Оның ішінде 352-сі өзін-өзі ұсынса, 208-ін алты саяси партия ұсынды. Облыстық мәслихаттың 15 округі бойынша 47, қалалық мәслихаттың 18 округі бойынша 60, аудандық мәслихаттардың 145 округі бойынша 453 кандидат ұсынылды», – деді Сағындық Рахымжан.

Сонымен қатар бес саяси партия облыстық мәслихатқа 52 кандидаттан тұратын партиялық тізімдерін ұсынды.

Сайлауды ұйымдастыруға 731 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 15 аумақтық, 173 округтік және 543 учаскелік комиссия бар. Олардың құрамында 4 061 адам жұмыс істейді.

Өңірдегі сайлау учаскелерінің 92-сі Петропавл қаласында орналасқан. Сайлаушылардың тіркелген мекенжайлары бойынша 530 учаске құрылса, тағы 13-і азаматтардың уақытша болатын орындарында ұйымдастырылған.

Сайлау комиссияларының құрамы мен орналасқан жері, сайлау округтері мен учаскелерінің шекаралары туралы ақпарат баспасөзде және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында жарияланған.

8 қарашада облыстағы барлық сайлау учаскесіне сайлаушылар тізімі берілді. Оған 364 мыңнан астам солтүстікқазақстандық енгізілген.

Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданының еңбекқор аграрийі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды

 

Поделиться:

Shares