Петропавлдағы түрмеде жазасын өтеп жүрген Өзбекстан азаматы тағы да сотталды. Ол түнде намаз оқып, мекеменің күн тәртібін бірнеше рет бұзған. Сондай-ақ түрме қызметкерлерінің талабына бағынбай, жұмыс істеуден бас тартқан. Енді ер адам бұрынғы жазасына қосымша мерзім алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

37 жастағы  Жумаев 2025 жылдың қаңтарында Атырауда бес жылға бас бостандығынан айырылған. Ол терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруға қатысты бап бойынша сотталған. Сол жылдың желтоқсанында Петропавлдағы №48 мекемеге ауыстырылған. Бірақ мұнда ол түрме тәртібін сақтамаған. Сот құжаттарына сүйенсек, бәрі түнгі уақытта намаз оқудан басталған.

2026 жылдың 12 маусымында түнгі сағат 01:39-да сотталушы ұйықтамай, діни рәсім жасаған. Қызметкерлер оған ескерту берген. Алайда ол келесі түні де осы әрекетін қайталаған. Мұндай жағдай маусым, шілде және тамыз айларында бірнеше рет тіркелген. Мекемеде сотталғандардың сегіз сағат ұйықтауы үшін арнайы күн тәртібі бекітілген. Діни рәсімдерді орындауға рұқсат етілгенімен, олар ішкі тәртіпті бұзбауы тиіс.

Бұдан бөлек, сотталған азамат түрмені абаттандыру жұмыстарына қатысудан бас тартқан. Маусымның аяғынан тамыздың ортасына дейін мұндай жағдай бірнеше рет қайталанған.

Сотта ер адам кінәсін мойындады. Ол түрмеге келгеннен бері намаз оқығаны үшін бес рет жазаланғанын айтты. Сондықтан мекеме ережесіне қарсы шыққанын түсіндірді. Сотталушы жасаған ісіне өкінетінін жеткізіп, ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сонымен қатар өзін қауіпсіздігі орташа мекемеден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеге ауыстыруды өтінді.

Алайда сот оның әрекетін түрме әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбау деп таныды. Петропавл қалалық соты  Жумаевты кінәлі деп танып, алты айға бас бостандығынан айырды.

Бұрынғы жазасының өтелмеген бөлігін ескере отырып, сот түпкілікті екі жыл он ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Енді ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді.

Поделиться:

Shares