2024 жылғы су тасқыны Петропавлдағы коммуналдық инфрақұрылымның осал тұстарын айқын көрсетті. Тозған инженерлік желілер, жөндеуді қажет ететін жолдар, су басу қаупі және абаттандырылмаған аулалар тұрғындарды әлі де алаңдатып отыр. Петропавл қалалық мәслихатының № 2 бірмандаттық сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидат Андрей Капустин осы мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарын сайлауалды бағдарламасына енгізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Андрей Капустин қалалық инфрақұрылымға қатысты мәселелерді шешуде құрылыс саласындағы кәсіби тәжірибесіне сүйенетінін айтады. Оның пікірінше, жолдарды жөндеу, инженерлік желілерді жаңарту және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
Кандидат Петропавл қаласында дүниеге келген. 1997 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп, инженер-құрылысшы біліктілігін алған.
Еңбек жолын Петропавл ЖЭО-2-де шебер және прораб болып бастаған. Кейін сегіз жыл бойы «Виринг» ЖШС-ін басқарған. 2009 жылдан бері «Альфа-Север» ЖШС директоры қызметін атқарып келеді. Оның басшылығындағы кәсіпорында жүзден астам маман құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысады.
Құрылыс саласында жинақтаған тәжірибесін Андрей Капустин туған қаласының инфрақұрылымын жақсартуға пайдалануды көздейді. Ол сайлауалды бағдарламасында сегіз негізгі бағытты белгілеген.
Жолдарды жөндеу және су басудың алдын алу
Кандидаттың басты назарында аулалар мен орамішілік жолдардың жағдайы тұр. Ол округтегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қаланың кешенді абаттандыру бағдарламасына енгізуді ұсынады. Әсіресе ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген аумақтарды жаңартуға басымдық бермек.
Коммуналдық желілердің тозуы да маңызды мәселелердің бірі. Андрей Капустин кәріз жүйесінің проблемалы учаскелерін жоспарлы түрде тазартуды, ескірген құбырларды кезең-кезеңімен ауыстыруды және нөсер кәріздерін қалпына келтіруді ұсынады.
Оның пікірінше, мұндай жұмыстар апат болғаннан кейін оның салдарын жоюға ғана емес, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жеке сектордағы жолдардың жай-күйі де назардан тыс қалмаған. Кандидат Есіл, Шәжімбаев және Крепостная көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын жеделдетуді, жолдарды тегістеп, қиыршық тас төсеуді ұсынады. Сондай-ақ Қазақстанская правда көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін атап өтеді.
Қай көшелерге ағаш отырғызу ұсынылады
Андрей Капустин қаланы көгалдандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлмек. Оның бағдарламасында жасыл желектердің жай-күйіне тексеру жүргізу, ескі ағаштарды күтіп-баптау және жаңа көшеттер отырғызу көзделген.
Атап айтқанда, Мағжан Жұмабаев, Пушкин, Совет көшелерінің бойында және жеке сектор аумақтарында ағаштардың бұтақтарын жоспарлы түрде кесіп, тәжін қалыптастыру, сондай-ақ жаңа ағаштар отырғызу ұсынылады.
Кандидаттың пікірінше, көгалдандыру жұмыстары бір реттік шараға айналмай, тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Бюджеттің ашықтығы мен тұрғындардың мүддесін қорғау
Сайлауалды бағдарлама тек жолдар мен коммуналдық инфрақұрылым мәселелерімен шектелмейді. Андрей Капустин бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын бақылауға, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға да басымдық беретінін мәлімдеді.
Ол депутаттық өкілеттігі аясында мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің жұмысын бақылауға қатысуды көздейді.
Бағдарламаның тағы бір бағыты – жаңа жұмыс орындарын ашуға, құрылыс саласы мен шағын бизнестің дамуына ықпал ету. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мәселесі де қамтылған.
Кандидат көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге де назар аудармақ. Атап айтқанда, мүлік иелерінің бірлестіктеріне қолдау көрсетіп, коммуналдық желілерді жаңғырту мен аулаларды абаттандыруға қажетті қаржыландыру тетіктерін пайдалануға жәрдемдесуді ұсынады.
Тұрғындармен ашық диалог орнату
Андрей Капустин депутат болып сайланған жағдайда тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың өтініштерін қарауды және атқарылған жұмыстар туралы есеп беруді жоспарлап отыр.
«Қаланың мәселелерін шешуге құрылыс пен коммуналдық шаруашылықтың технологиялық ерекшеліктерін түсінетін мамандар қатысуы керек. Сайлаушылар алдында жыл сайын есеп беру және тұрғындармен ашық диалог жүргізу – менің жұмысымның басты қағидаттары», – дейді Андрей Капустин.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасында нақты көшелерді жөндеуден бастап инженерлік желілерді жаңартуға, қаланы көгалдандыруға және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға дейінгі мәселелер қамтылған. Андрей Капустин осы бастамаларды депутаттық қызметі барысында көтеріп, олардың жүзеге асырылуына ықпал етуді көздейді.
Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.
Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат А.В. Капустин
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

