Петропавлда 40 жастағы ер адам полицейлерден «Enduro» маркалы мотоциклге мініп қашқан. Себебі көлікті мас күйде мінген. Оған қоса жүргізуші куәлігі де жоқ екен. Ал оны ұстау үшін тәртіп сақшылары квадрациклмен қуған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға Солнечный кентінде орын алды. Патрульдей кезінде полицейлердің көзіне «Enduro» маркалы мотоцикл мінген ер адам түседі. Олар жүргізушіні тоқтатпақ болған, бірақ ер адам қаша жөнеледі. Патрульдік экипаж болған жағдай туралы хабарлап, мотоциклшіні іздеуге дрон жұмылдырылды. Дронның көмегімен қашып кеткен жүргізушінің жүрген жері анықталды. Полицейлер квадроциклдерге мініп, оның соңынан түседі. Ақыры ер адам Звёздная көшесінде ұсталды.

Ол 40 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылыпты. Соған қарамастан, ол қайтадан рөлге мас күйде отырған.
«Көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның мас күйде көлік басқарғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Көлік құралын басқару фактісінің өзі қылмыстық жауапкершілікке негіз болады», – деп атап өтті Петропавл қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі, полиция капитаны Қуаныш Сүлейменов.
Аталған бап бойынша бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

