«ӘДІЛЕТ» партиясынан Петропавл қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Сәбитов Сәлімхан Жанатұлы сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Құжатта қалалық ортаның қолжетімділігін арттыру, көшелерді абаттандыру, әлеуметтік осал топтарды қолдау, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Сәлімхан Сәбитов Петропавл қалалық мәслихатының VIII шақырылымында депутаттық қызмет атқарған. Осы кезеңде ол азаматтардың өтініштері бойынша белсенді жұмыс істеді, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға және қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударған. Құзырлы органдармен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған автотұрақ орындарын ұйымдастыру мәселелерін шешуге қатысқан. Сондай-ақ қалалық инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігіне мониторинг жүргізіп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдануына ықпал еткен.

№ 9 сайлау округіне кіретін Жұмысшы кенті, Береке шағын ауданы және Вокзал маңы тұрғындарының өтініштері де депутаттық жұмысының маңызды бөлігі болған. Кандидаттың пікірінше, қаланың дамуы тек ірі жобалармен өлшенбейді. Тұрғынның үйінен көшеге кедергісіз шығуы, ауланың таза болуы, қауіпсіз жолмен жүруі, жастардың бос уақытын тиімді өткізуі және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың назардан тыс қалмауы да өмір сапасы үшін аса маңызды

Қолжетімді әрі жайлы қалалық орта

Сайлауалды бағдарламаның алғашқы бағыты әрбір тұрғынның жасына және денсаулық жағдайына қарамастан, қала ішінде еркін әрі қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруға арналған. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктерін ескеретін инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріледі. Кандидат қалалық нысандардың қолжетімділігіне қатысты мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, тұрғындардың кедергісіз қозғалуына жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастыруды көздейді. Оның айтуынша, қолжетімді орта – жекелеген азаматтардың ғана емес, бүкіл қоғамның қажеттілігі. Өйткені қауіпсіз әрі ыңғайлы шаһар балаларға, қарттарға, ата-аналарға бірдей қолайлы болуы керек.

Округті абаттандыру және дамыту

Екінші бағыт Жұмысшы кенті, Береке шағын ауданы және Вокзал маңындағы алаңнык инфрақұрылымын жақсартуға арналған. Тұрғындардың күнделікті тіршілігіне тікелей әсер ететін көшелер мен қоғамдық аумақтардың жай-күйі кандидаттың назарында. Сәбитов Сәлімхан Жанатұлы Пугачев, Щорс және Батыр Баян көшелеріндегі жолдың орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға ықпал етуді жоспарлап отыр. Бұл бастама көше-жол желісінің жағдайын жақсартуға және тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Округті дамыту мәселелерінде тұрғындардың пікірін ескеру, өзекті қажеттіліктерді анықтау және оларды тиісті органдар алдында жүйелі түрде көтеру маңызды. Кандидаттың ұстанымы бойынша, абаттандыру жұмыстары нақты тұрғындардың сұранысына жауап беріп, күнделікті өмірге оң өзгеріс әкелуі тиіс.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау

Бағдарламаның үшінші бағыты қосымша қолдауды қажет ететін азаматтардың құқықтарын қорғауға арналған. Әлеуметтік осал топтардың мәселелеріне назар аудару, олардың қажеттіліктерін ескеру және заңды мүдделерін қорғау депутаттық қызметтің маңызды міндеттерінің бірі болып қала береді.

Сәлімхан Сәбитов бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, тұрғындардың өтініштерін қарауға және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етуге ниетті. Бұған дейінгі депутаттық тәжірибесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән бергені де осы ұстанымның сабақтастығын көрсетеді. Кандидаттың пікірінше, әрбір адамның жағдайына түсіністікпен қарау, қажетті қолдаудың көрсетілуіне ықпал ету және азаматтардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік жасау маңызды.

Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу

Жастардың өз қабілетін танытып, бастамаларын жүзеге асыруы үшін қолайлы орта қажет. Сайлауалды бағдарламаның төртінші бағыты осы мәселеге арналған. Кандидат жастардың спортпен шұғылдануына, шығармашылықпен айналысуына, өзара қарым-қатынас орнатуына және жеке жобаларын іске асыруына мүмкіндік беретін кеңістіктерді дамытуға назар аудармақ. Сонымен қатар округ жастарының өздері ұсынатын бастамаларын қолдауға басымдық беріледі.

Бұл бағыт жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, жаңа идеяларын жүзеге асыруына және туған қаласының дамуына үлес қосуына мүмкіндік беруді көздейді.

Тұрғындардың қауіпсіздігі және қаңғыбас жануарлар мәселесі

Қалалық ортадағы қауіпсіздік – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сайлауалды бағдарламаның бесінші бағыты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаңғыбас жануарлар мәселесін шешуге арналған. Кандидат бұл мәселелерді округ тұрғындарының өмір сапасына ықпал ететін өзекті бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыру, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді тиісті органдар алдында көтеру және олардың шешілуіне ықпал ету алдағы жұмыстың маңызды бөлігі болмақ. Қаңғыбас жануарлар мәселесі де қаладағы қоғамдық қауіпсіздік пен жауапкершілік тұрғысынан назар аударуды қажет етеді. Бұл бағытта тұрғындардың өтініштеріне ден қойып, мәселенің жүйелі қаралуына ықпал ету көзделген.

Округтің тазалығы мен санитарлық жағдайы

Алтыншы бағыт көшелердің, аулалардың және қоғамдық аумақтардың тазалығын қамтамасыз етуге арналған. Қолайлы қалалық ортаның маңызды көрсеткіштерінің бірі – тұрғындардың күнделікті пайдаланатын аумақтарының таза әрі ұқыпты күтіп-ұсталуы. Сәбитов Сәлімхан Жанатұлы тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылуына, рұқсат етілмеген қоқыс орындарының жойылуына және контейнер алаңдарының тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы мәселелеріне назар аударуды жоспарлап отыр.

Қоғамдық орындардың тұрақты тазалануы да маңызды. Кандидат тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюға және анықталған кемшіліктердің жойылуын бақылауға мән береді. Оның ұстанымы бойынша, таза қала қалыптастыруда коммуналдық қызметтердің жұмысы мен тұрғындардың жауапкершілігі қатар жүруі қажет.

Бақылау, жауапкершілік және нақты нәтижелер

Сайлауалды бағдарламаның соңғы бағыты депутаттық жұмыстың ашықтығы мен есептілігіне арналған. Кандидаттың пікірінше, тұрғындардың мәселесін көтеру жеткіліксіз. Олардың қаралу барысын бақылап, қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстар туралы халықты хабардар ету де маңызды. Қалалық мәселелердің бірқатары атқарушы органдардың құзыретіне, бюджет мүмкіндіктеріне және белгіленген рәсімдерге байланысты. Сондықтан тұрғындарға тек қол жеткізілген нәтижелерді ғана емес, мәселенің шешілуіне кедергі келтіретін себептерді де ашық түсіндіру қажет. Сәбитов Сәлімхан Жанатұлы тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуды, өтініштердің қаралу барысын жүйелі бақылауды және депутаттық қызмет нәтижелері туралы ақпарат беруді алдағы жұмысының негізгі қағидаттарының бірі ретінде атап өтеді.

«Депутаттық тәжірибем маған ең басты нәрсені үйретті: әрбір өтініштің артында көмекке мұқтаж тұрғын, оның күнделікті мәселелері мен үміті тұрады. Сондықтан азаматтардың құқықтарын қорғау, қалалық ортаны жақсарту және округ тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешу бағытындағы жұмысты жалғастыруды өз міндетім деп санаймын», – дейді кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасында.

Сәбитов Сәлімхан Жанатұлының 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасы әділдік, ашықтық, жауапкершілік және әрбір тұрғынға құрметпен қарау қағидаттарына негізделген. Кандидат алдағы уақытта да № 9 сайлау округі тұрғындарының мүддесін жүйелі түрде қорғауға және қаланың дамуына бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті.

Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.

Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат С. Ж. Сәбитов.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

Тағы оқыңыз: «Депутат болу – мінберден сөз сөйлеу емес» – Марат Ысқақов басқару тәжірибесін қала игілігіне жұмсамақ

Поделиться:

Shares