Ауыз судың сапасын жақсарту, жылумен тұрақты қамтамасыз ету, тозған коммуналдық желілерді жаңарту және аулаларды абаттандыру. Петропавл қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Жанна Маутова сайлауалды бағдарламасында осы мәселелерге басымдық беріп отыр. Ол № 6 бірмандаттық сайлау округі бойынша «ӘДІЛЕТ» партиясының атынан сайлауға түсіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жанна Маутова 1968 жылы 9 мамырда дүниеге келген. Қазір 58 жаста. Петропавл қаласында тұрып, еңбек етеді. Жоғары медициналық білімі бар. Целиноград мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, акушерлік және гинекология саласында клиникалық ординатурадан өткен. Сондай-ақ денсаулық сақтау менеджменті бойынша PhDr академиялық дәрежесіне ие.
Оның медицина саласындағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. Осы уақыт ішінде Жанна Қабиденқызы акушер-гинеколог дәрігерден ірі медициналық мекемелердің басшысына дейінгі кәсіби жолдан өтті. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері, бірінші қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметтерін атқарды. Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасында ана мен бала денсаулығына қатысты мәселелерге жетекшілік етті.
2020 жылдың тамыз айынан бері Жанна Маутова Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасын басқарып келеді.
Депутаттыққа үміткер 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында тұрғындарды толғандырған коммуналдық және әлеуметтік мәселелерді шешуді басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген. Оның пікірінше, қаланың қай шағын ауданында тұрса да, әрбір тұрғын сапалы ауызсумен, үздіксіз жылумен және қауіпсіз инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс.
«Көпжылдық тәжірибесі бар дәрігер әрі медициналық мекеменің басшысы ретінде мен кез келген мәселеге дұрыс «диагноз» қойып, оның түпкі себебін анықтауға дағдыландым. Шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру мен үлкен ұжымды басқару маған ең басты қағидаларды үйретті. Олар – тәртіп, жауапкершілік және әрбір істі нақты нәтижеге жеткізу», – дейді Жанна Маутова сайлауалды бағдарламасында.
Үміткердің негізгі басымдықтарының бірі – коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. Ол өз округіндегі су құбыры желілеріне жоспардан тыс аудит жүргізуді ұсынып, әбден тозған учаскелерді қаланың күрделі жөндеу жоспарына енгізуге күш салмақ.
Жанна Маутова жылыту маусымына дайындық мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Ол жылу желілерінің проблемалық учаскелерін жан-жақты тексеруді және жаз мезгілінде жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтуді ұсынбақ.
Сайлауалды бағдарламада кәріз жүйесінің жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінген. Үміткер көпқабатты үйлердің аулалары мен жеке тұрғын үй секторындағы кәріз коллекторларын жүйелі түрде профилактикалық тазалауды, сондай-ақ зақымданған су бұру желілерін күрделі жөндеуді маңызды міндеттердің бірі санайды.
Қаланы көркейту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру да Жанна Маутованың назарында. Ол саябақтар мен гүлзарларды жаңартуға, балалар және спорт алаңдарын абаттандыруға, жасыл желектерді күтіп-баптауға және жас көшеттер отырғызуға қолдау көрсетпек.
Әлеуметтік салада үміткер өзінің медицинадағы мол тәжірибесін балалар тәрбиелеп отырған отбасылардың, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтардың мүдделерін қорғауға бағыттауды көздейді. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау да оның басым бағыттарының қатарында.
Жанна Маутова өз қызметінің басты қағидалары ретінде адамға қамқорлық жасауды, жүйелі жұмысты, тәртіпті және нәтижеге деген жеке жауапкершілікті атайды.
Оның айтуынша, депутаттың жұмысы тұрғындардың өтініштеріне ресми жауап берумен ғана шектелмеуі керек. Ең алдымен, халықпен тұрақты байланыс орнатып, көтерілген мәселелердің нақты шешілуіне ықпал ету маңызды.
«Мен үшін депутаттық жұмыстың нәтижесі жолданған хаттардың санымен емес, нақты бір адамның өмірі қаншалықты жақсы жаққа өзгергенімен өлшенеді», – деп атап өтеді үміткер.
Сонымен қатар Жанна Маутова мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін қолдауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғыртуға және аулаларды абаттандыруға қаржы бөлінуіне ықпал етуді жоспарлап отыр.
Алтыншы сайлау округінің тұрғындарына арнаған үндеуінде ол қордаланған мәселелерді уақытша шаралармен емес, жүйелі әрі кешенді тәсіл арқылы шешу қажет екенін атап өткен.
«Мен сіздердің мүдделеріңізді табандылықпен қорғауға, округіміздің коммуналдық және әлеуметтік өмірінде нақты оң өзгерістерге қол жеткізуге дайынмын. Бірлесе отырып, округімізді өмір сүруге, еңбек етуге және бала тәрбиелеуге қолайлы, қауіпсіз әрі көркейген мекенге айналдыра аламыз!» – делінген Жанна Маутованың тұрғындарға үндеуінде.
Сайлауалды бағдарламасының қорытындысында үміткер алдағы жұмысының негізгі үш бағытын айқындаған. Олар – тең мүмкіндіктер, әділ шешімдер және тұрғындарға нақты қолдау көрсету.
Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.
Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат Ж.Қ. Маутова.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

