Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтық азайғанымен, келтірілген шығын көп. Биыл тоғыз айда тұрғындар алаяқтардың арбауына түсіп, 1 млрд 83 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған. Оның 170 млн теңгесі ғана иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Интернет алаяқтардың көп тараған әдістері және олардың құрбаны болмаудың жолдары туралы арнайы брифинг өтті. Онда СҚО ПД КҚБ бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Мұратбек Аяғанов нақты фактілерді келтірді. Мысалы, биыл облыста 404 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,4%-ға аз. Былтыр тоғыз айда мұндай 589 қылмыс болған. Алайда қылмыстардың ашылу көрсеткіші небәрі 26,5%-ды құрайды. Қазір 253 іс әлі ашылмаған. Жыл басынан  азаматтар алаяқтардың арбауына түсіп, 1 млрд 83 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған. Оның 170 млн теңгесі ғана иелеріне қайтарылды,

Алаяқтардың ең көп қолданатын тәсілдері де өзгермеген. Олар өздерін байланыс операторының, коммуналдық қызметтің, «Қазақтелекомның», емхананың немесе жеткізу қызметінің маманы ретінде таныстырады. Кейін азаматқа SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды.

Одан соң басқа бір алаяқ өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, «сіздің атыңызға несие рәсімделді» деп қорқытады. Ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе «айна несие» алуды ұсынады.

«Азаматтарға SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және жеке мәліметтерін ешкімге бермеу керек. Банк те, полиция да телефон арқылы мұндай ақпаратты сұрамайды», — деді Мұратбек Аяғанов.

Сондай-ақ жалған инвестициялық жобалар, ұлттық компаниялардың атынан жасалған ұсыныстар және интернет-дүкендердегі алдын ала төлем арқылы жасалатын алаяқтық та жиі кездеседі. «Антифрод» жүйесі іске қосылғалы СҚО-да 39 млн теңгеге күмәнді қаржы операциясының жолы кесілген.

Тағы оқыңыз: 70 жастан асқан тұрғындар онкологиялық орталықта тегін тексеріле алады

Поделиться:

Shares