Мектептерде амандасу мәдениетін бір реттік тәрбие сағатымен шектемей, оқушылардың күнделікті әдетіне айналдыру ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр көтерді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Депутат бұл мәселені мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты. Оның пікірінше, амандасу — жай ғана әдептілік емес, ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі.
«Қазақы сәлемдесудің басты ерекшелігі — ұстамдылық. Амандасу — осы мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ терең мағыналы элементтерінің бірі», — деді Ерлан Сайыр.
Оның айтуынша, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді құндылықтар мектеп қабырғасынан бастап тұрақты дағдыға айналуы керек. Депутат амандасу мәдениетін тек акция немесе тәрбие жұмысының бір бағыты ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді саясаттың бір бөлігі ретінде қарастыруды ұсынды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанда жаңа жүріс-тұрыс әдебі мен қоғамдық мәдениет қалыптастыру қажеттігін айтқан еді. Президент ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің амандасу кезінде бір-бірін бетінен сүюі қазақтың дәстүріне жат екенін атап өткен.
Тоқаевтың айтуынша, ер адамдар қолды нық қысып амандасып, қажет болса оң қолын кеудесіне қоюы жеткілікті.
Тағы оқыңыз: Есіл өзенін тазартуға 32,8 млрд теңге қажет

