Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің 32 шақырымдық арнасын тереңдетіп, тазарту жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 32,8 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Есіл бассейндік су инспекциясының мамандары брифингте мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Жоба Петропавл гидроторабынан басталатын өзен учаскесін қамтиды. Қазір оған сараптаманың оң қорытындысы алынған.
«Су тасқыны қаупі бар учаскелерді санациялау жөніндегі жол картасы шеңберінде Петропавл гидроторабынан бастап ұзындығы 32 шақырым учаскеде Есіл өзенінің арнасын тереңдету және тазарту бойынша жоба әзірленді. Жобаның жалпы құны 32,8 млрд теңгені құрайды», — деді Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Есіл бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Гүлден Исмагулова.
Өңірдегі тағы бір мәселе — су қорғау аймақтарының толық белгіленбеуі. Өңірдегі 198 елді мекен аумағында орналасқан 299 су нысанында су қорғау аймақтары мен белдеулері әлі ішінара белгіленбеген. 2026–2027 жылдары бұл жұмыстарға 665,1 млн теңге қарастырылған. Биыл 51 су нысаны бойынша жоба әзірленіп жатыр, тағы 51 нысан 2027 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар биыл су заңнамасын бұзғандарға қатысты 47 әкімшілік іс қозғалған. Оның 37-сі бойынша жалпы сомасы 11,8 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, тағы алты іс сотқа жолданған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да дзюдодан ел чемпионы Назгүл Маратоваға құрмет көрсетілді

