Қазақстанда күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысын бастады. Әскерге шақырылушылардың басым бөлігі Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтырады.
- 12 мыңнан астам адам – Қарулы Күштерге;
- 7 мыңға жуығы – Ұлттық ұланға;
- 3 мыңға жуығы – ҰҚК Шекара қызметіне;
- 400-ден астам адам – Төтенше жағдайлар министрлігіне;
- 300-ге жуық адам – Мемлекеттік күзет қызметіне.
«Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart әскери комиссариат» жобасының арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу бойынша қызметтердің айтарлықтай бөлігі проактивті форматта көрсетіледі.
Тұрғылықты жері ауысқан кезде азаматтарды әскери есепке қою, 17 жастағы жасөспірімдерді тіркеу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату қызметтері автоматтандырылды. Әскери есепке алу туралы мәліметтер азаматтарға eGov порталындағы жеке кабинетте қолжетімді.
Мерзімді қызмет кезінде әскери қызметшілер еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын тегін меңгере алады. Барлығы 20-ға жуық мамандық қарастырылған. Сонымен қатар әскери қызметшілер үшін қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру қарастырылған. ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсе алады.
Тағы оқыңыз: Оқушы мектеп формасын мен шаш үлгісін сақтамаса, ата-ана айыппұл арқалауы мүмкін

