Қолайсыз пәтер, көршілердің шағымы, жоғалған банк картасы, кешкі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдер және ондаған профилактикалық әңгіме. Қызылжар ауданының Бескөл ауылында полиция қызметкерлерінің бір ауысымы осындай оқиғаларға толы болды. Полиция, прокуратура, әкімдік қызметкерлері мен қоғамдық көмекшілер ауылды кешке дейін аралап, есепте тұрған тұрғындарды тексеріп, ауыл тұрғындарының өтініштеріне жауап берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Рейд басталды…

Рейд басталар алдында қатысушыларға бірқатар тапсырма берілді. Бұл кеште патрульге полиция қызметкерлері, прокуратура өкілдері, әкімдік қызметкерлері және қоғамдық көмекшілер шықты.

«Жаяу және автопатрульдер ұйымдастырылады. Сағат 23.00-ге дейін Бескөл ауылы тексеріледі. Бағыттар белгіленді. Есепте тұрған адамдар тексеріледі, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша жаднамалар таратылады», — деді Қызылжар ауданының прокуроры Қайсар Әбішев.

Алғашқы аялдама — сырт көзге қарапайым көпқабатты үй. Алайда жергілікті тұрғындар бұл подъезді ауылдағы ең проблемалы орындардың бірі деп санайды. Көршілер мұнда үнемі ішімдік ішілетініне, төбелес болатынына және бүкіл подъезге тарайтын жағымсыз иіске шағымданады.

«Ішеді. Түнгі жанжалдар, төбелестер. Барлық маскүнемдер осында жиналады. Ана перде қанға боялған. Есіктің тұтқасын сындырып кетті. Қазір әйнек жоқ, сондықтан иіс сыртқа шығады. Ал ол есігін ашқанда, иіс бізге келеді. Біздің немерелеріміз бар, оларды сыртқа жіберуге қорқамыз. Мұнда мас адамдар топ-тобымен жүреді», — дейді көршілері.

Бірінші қабаттағы пәтерде 69 жастағы ер адам тұрады. Оның жақындары жоқ. Қозғалуы қиын, пәтерінен шықпайды. Үйдің іші санитарлық талаптарға сай емес жағдайда. Учаскелік инспекторлар ауыл тұрғынының жағдайын күніне бірнеше рет тексереді. Кейде түнде де баруға тура келеді.

«Ер адам осы пәтерде тұрады. Аморальды өмір салтын ұстанады. Үйде антисанитариялық жағдай қалыптасқан. Ол ең төменгі зейнетақы — 35 мың теңге алады. Біз бөтен адамдардың болмауын, қылмыстың алдын алуды тексереміз», — деді учаскелік инспектор Александр Данилов.

Көршілердің айтуынша, жақында зейнеткердің атына біреу микрокредит рәсімдеген. Ол мәселені өздігінен шеше алмаған. Көпшілік ер адамға учаскелік инспектордың бақылауы ғана емес, арнайы мекемеде тұрақты күтім қажет деп санайды. Олардың пікірінше, әйтпесе оның өзі де, көршілері де зардап шегуді жалғастыра береді.

жанжалмен аяқталған ұрлық

Полиция бұл мекенжайдағы жұмысын аяқтап үлгермей жатып, жаңа шақырту түсті. Бескөл тұрғынының банк картасы жоғалған. Ол картаны бұғаттап үлгергенше, белгісіз біреулер дүкенде картамен 8 мың теңгеге сауда жасаған. Күдікті тез арада анықталды. Полиция қызметкерлері жәбірленушімен бірге оның үйіне барды. Алайда әңгіме бірден жанжалға ұласты. Үй иесі мен оның қызы өздерінің қатысы барын жоққа шығарып, жәбірленушімен сөзге келді, кейін ақшаны қайтаруға тырысты. Бір сәтте олар тіпті 10 мың теңге алып шықты. Алайда әйел ақшаны сол жерде алудан бас тартты. Ақырында жанжал полиция бөлімінде шешілді.

Келесі жағдай мүлдем өзгеше болды. Аула арасымен бір топ жасөспірім жүгіріп келе жатты. Полиция оларды бірден тоқтатты. Жасөспірімдер күлімсіреп, жай ғана қуаласпақ ойнап жүргендерін түсіндірді. Қазіргі 15 жастағы балалар үшін мұндай ойынның өзі сирек кездесетін әдетке айналғандай.

Полицейлер оларға қауіпсіздік ережелерін еске салып, қараусыз қалған ғимараттарға кірмеуді, бейтаныс адамдармен араласпауды және интернеттегі күмәнді табыс туралы ұсыныстарға келіспеуді ескертті.
Рейд барысында полиция қызметкерлері есепте тұрған тұрғындарды да тексеріп, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша жадынамалар таратты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына абаттандыру ережелерін түсіндірді.

«Учаскелік инспекторлармен бірге патрульге шығамыз, абаттандыру ережелерін түсіндіреміз. Негізінен алкогольдік ішімдіктер ішу, қоқыс тастау, шөпті уақытында шабу мәселелері кездеседі. Тіпті көңді де дұрыс жерге тастамайды — ауланың маңына жинап қояды. Содан кейін көршілер шағымдана бастайды», — деді Бескөл ауылдық округінің бас маманы Дамир Байматов.

Бір кештің өзінде полиция қызметкерлері мүлдем әртүрлі жағдайларға тап болады: қолайсыз пәтерлерден бастап, мүліктік қылмыстар мен жастар арасындағы профилактикалық жұмыстарға дейін. Осындай, сырт көзге қарапайым көрінетін рейдтер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күнделікті жұмысының бір бөлігі болып саналады.
Бұл жұмыстың басым бөлігі — атышулы ұстаулар емес, ондаған әңгіме, тексеру және адамдарға дер кезінде көрсетілген көмек. Осындай жұмыстардың арқасында неғұрлым ауыр құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік туады.

Тағы оқыңыз: Қайрат Жангужинов: Құрылтай сайлауы – ел дамуының жаңа кезеңі

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *