Қызылжар Сабантойы–2026 мерекесі аясында Петропавлда татар халқының ұлттық күресі – корэштен халықаралық турнир өтті. Дүбірлі додаға Қазақстан мен Татарстан Республикасынан келген 80-ге жуық спортшы қатысып, сегіз салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтады, деп жазады Qazaqstan Media.
Жарыстың басты жүлдесі – Татарстан Республикасы Раисы атынан тігілген автокөлік болды. Корэш белдесулері мерекенің ең тартысты сәттерінің біріне айналып, боз кілемде тәжірибелі спортшылар мен жас палуандар өзара мықтыны анықтады.

Жарысқа алғаш рет қатысқан қазақстандық палуан Дмитрий Диннер корэш пен қазақ күресінің ерекшелігіне тоқталды.
«Корэшке бірінші рет қатысып тұрмын. Өзім қазақ күресіне қатысып, талай жүлде алған болатынмын. Екі спорттың арасындағы басты ерекшелік – корэште аяқтан шалуға болмайды. Тек белдесу керек. Екі кездесу өткіздім, екеуінде де жеңіске жеттім», – дейді Дмитрий Диннер.
Ауыр салмақта Солтүстік Қазақстан облысының намысын жастар арасындағы Қазақстанның екі дүркін чемпионы Әділет Мырзаш қорғады. Алайда бас жүлде – автокөлік Қостанай облысының палуанына бұйырды. Темір тұлпар Талғат Жиентаев алды.
Белдесулерді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі мен Татарстан Республикасы Раисы тамашалады. Турнир жеңімпазына салтанатты түрде автокөліктің кілті табысталды.

Сабантой аясындағы мәдени бағдарлама да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. «Qyzyljar Art Center» орталығында Қазақстан мен Татарстаннан келген қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңір татарларының тарихы мен мәдени мұрасын таныстыратын арнайы көрме өтті.

Тағы оқыңыз: Татарстан өнері Петропавл төрінде

