ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистратурасы мен докторантурасы түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсіміне қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Соңғы он жылда Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша құқық қорғау органдарының 534 қызметкері білім алды. Оның ішінде 459-ы магистратураны, 75-і докторантураны тәмамдады.
Академияның басты ерекшелігі – әртүрлі ведомстволардың өкілдері бір аудиторияда білім алады. Бұл құқық қорғау қызметіндегі түрлі тәжірибелерді біріктіріп, Заң және Тәртіпті қамтамасыз етуге негізделген бірыңғай кәсіби ынтымақтастық мәдениетімен ортақ экожүйені қалыптастырады.
Жаңа Конституция адам құқықтарын қорғаудың сапалық жаңа деңгейін бекітіп, алғаш рет адам капиталын дамыту, ғылым, білім беру, азаматтардың цифрлық құқықтары, сондай-ақ прогресстің, инновациялардың және білім құндылықтарын жауапты отансүйгіштіктің конституциялық негізі ретінде айқындады.
«Бүгінде Академия ғылымды, білімді, IT-технологияларды және практиканы біріктіретін құқық қорғау жүйесінің интеллектуалдық әрі технологиялық өзегіне айналуда. Біз цифрлық ортада тиімді жұмыс істейтін, қатерлерді жаппай сипат алмай тұрып алдын ала болжай алатын жаңа буын мамандарын даярлап жатырмыз.
XXI ғасырда қылмысқа жылдам әрекет ететін емес, оны алдын ала болжай алатын ғана жеңіске жетеді. Сондықтан құқық қорғау жүйесінің болашағы бүгіннен – ғылыми зертханаларда, Академия аудиторияларында және жаңа технологияларды әзірлеу орталықтарында басталады», – деді Берік Асылов.
Бас Прокурор цифрландыруды дамыту елдің жаңа конституциялық моделіне және Мемлекет басшысының азаматтарға мінсіз қызмет етуге, Заң үстемдігін қамтамасыз етуге әрі технологиялық тұрғыдан егемен, икемді Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.
Президенттің білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Академия цифрлық криминалистика, киберқылмыстарды тергеу, электрондық дәлелдемелерді, ашық дереккөздерді талдау және құқық қорғау қызметінде жасанды интеллектіні қолдану салаларында мамандар даярлаудың кешенді экожүйесін қалыптастыруда.
Осы мақсатта Цифрлық технологиялар және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл институты құрылып, онда цифрлық криминалистика мен киберқылмыстарды, оның ішінде криптоактивтерді пайдалана отырып жасалған қылмыстарды тергеуге арналған бірегей білім беру бағдарламалары әзірленді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жалға берілетін пәтерлерге рейд жүргізілуде

