Солтүстікқазақстандық бірнеше адамды алдап, алаяқтарға қаржылық империя құруға көмектескен. Олардың кесірінен 40-қа жуық адам зардап шеккен, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қылмыскерлер жәбірленушілерге қоңырау шалып, өздерін полиция қызметкерлері, ҰҚК, Ұлттық банк өкілдері, ұялы байланыс операторлары немесе пошта қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар адамдарды қылмыстық іс қозғалады, олардың атына несие рәсімделіп жатыр немесе баспанасынан айырылып қалуы мүмкін деп қорқытқан. Адамдарды қорқытып несие алуға, пәтерлерін сатуға, соңғы жинаған ақшаларын аударуға мәжбүрлеген.
Біреуге көмектесем деп өзі опық жеді
Қаражат бірден дропперлердің шоттарына түсіп, кейін криптовалютаға айналдырылған. Зардап шеккендердің арасында мұғалімдер, зейнеткерлер, колледж директорлары мен кәсіпкерлер болған. Ал тергеу нұсқасы бойынша интернет-алаяқтарға бұл істе жас жігіттер көмектескен. Қылмыстық іс бес жерлесіміздің үстінен қозғалды.
Ал қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар, болжам бойынша, әлі де адамдардың сенгіштігін пайдаланып миллиардтап табыс тауып жүр. Қылмыстық істің басты фигуранты — Петропавл қаласының 21 жастағы тұрғыны Валерий Горяйнов. Ол қылмыстық топты ұйымдастырып, басқарды және алаяқтыққа көмектесті деп айыпталуда. Онымен бірге сенім артқан төрт досы жұмыс істеген. Олар — оның құрдастары Александр Савельев, Данил Логинов, Никита Мальцев және бес адамның ішіндегі ең үлкені — 25 жастағы Вадим Шикин.
Тергеу нұсқасына сәйкес, олардың міндеті — ақшалай сыйақы үшін өз атына мобильді банк қосымшаларында шот ашатын, криптоәмиян рәсімдейтін және оған қолжетімділікті “сатып алушыға”, яғни Горяйновқа беретін адамдарды табу болған. Іс материалдарында олар нақты ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Белгісіз нөмірден қоңырау, өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырып, SIM-картаның жарамдылық мерзімі аяқталып жатыр деген.
Қостанайдағы жекеменшік мектептің бастауыш сынып мұғалімі үшін бәрі шынайы көрінген: сенімді дауыс, нақты сөйлеу, шұғылдық сезімі. Келесі қадам — SMS-код, оны ол айтып берген. Көп ұзамай “қауіпсіздік қызметінің қызметкерінен” тағы бір қоңырау түскен. Бейтаныс адам оның атына несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын айтып, “ақшаны қауіпсіз жерге көшіруді” ұсынған.
Сеніміне кіріп, алаяқтар әйелді мобильді банк қосымшаларын орнатуға және қаражатты қорғау үшін қажетті әрекеттерді жасауға көндірген. Ал сол уақытта өздері оның шоттарына қашықтан қол жеткізіп, онлайн режимде 13 млн теңге несие рәсімдеген. Ақша алдын ала дайындалған үшінші тұлғалардың шоттарына шығарылып, кейін криптовалютаға ауыстырылған. Бұл — ізді жасырудың тағы бір тетігі.
Ұқсас қоңырау Екібастұз қаласының электр слесарын 6,2 млн теңгеден айырған. Адамдарды алдаудың тәсілдері көп. Жүз қоңыраудың біреуі нәтиже берсе де — іс бітті. Дәл осылай 73 жастағы елордалық зейнеткер де алаяқтардың құрбаны болған. Белгісіз адам өзін шетелдік банктің қызметкері ретінде таныстырып, жоғары табысты жоба туралы айтқан. Уәждері соншалықты сенімді болғандықтан, ер адам еш күмәнданбаған. “Кеңесшінің” нұсқауларын орындап, ол 4,8 млн теңгеден астам қаражатты аударған.
Бұл ақша дроппердің шотына түскен, ал тергеу дерегінше, ол Савельев арқылы банк деректерін Горяйновқа берген.
Көп ұзамай алаяқтардың торына Екібастұз қаласының машинисі түскен. Оған “Ұлттық банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері” қоңырау шалып, оның атына белгісіз адамдар несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтқан. Оларды болдырмау үшін банктік қосымшаны жүктеп, несиені өзі рәсімдеуі қажет екенін түсіндірген. Ал ақшаны уақытша “мемлекеттік қордың” шотында сақтауға көмектесеміз деген. Нәтижесінде ер адам 9 млн теңге несиеге батқаны белгілі болды. Бұл қаражат, тергеу нұсқасы бойынша, Горяйнов арқылы криптовалютаға айналып, белгісіз тұлғаларға жіберілген.
Мен ҰҚҚ қызметкерімін
58 жастағы жұмыссыз астаналық әйел де ірі көлемде алданып қалған. Өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған адам әйелге Ресей Федерациясындағы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша айыпталушы екенін айтып, “көмек” ұсынған. Оқиға интернет-алаяқтарға тән сценариймен жалғасқан.
Айыптау актісінде: «Жәбірленушінің сеніміне кіре отырып, тергеу барысында анықталмаған тұлғалар оның пәтері алаяқтар тарапынан сатылып кеткеніне сендіріп, жалған сатып алу-сату шартын көрсетуді жоспарлаған. Ал үшінші тұлғалардың әрекетін тоқтату үшін әйелге өз пәтерін жалған келісімшартпен сату қажет екенін айтқан”, — делінген.
Алайда әйел пәтерін шынымен сатып, ақшасын алаяқтарға аударған. Осылайша ол баспанасынан және 33 млн теңгеден айырылған. Петропавл қаласының теміржолшысы да “ҰҚК қызметкеріне” сеніп, шамамен 24 млн теңгеден айырылған. Бұл — оның жеке жинақтары мен несиелері. Степногорск қаласындағы мектеп директорларының бірі де жәбірленушілер қатарында. Ол 19,5 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған. Оған “құқық қорғау органдарынан” қоңырау шалып, атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Ол бірнеше банктен несие алып, ақшаны “комитет қызметкеріне” аударғаннан кейін ғана алаяқтықты түсінген.
Сондай-ақ «ҰҚК қызметкерлерінің» құрбандары қатарында елордалық колледж директорларының бірі (шамамен 6,5 млн теңге несие), Петропавл колледжінің оқытушысы (2,5 млн теңге депозитінен айырылған) бар.
Астаналық математика пәнінің мұғалімі осы схема бойынша 7 млн теңгеден айырылса, Балқаш қаласындағы әріптесі 6,3 млн теңге несие рәсімдеп, бірер минутта ақшасынан қағылған. Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіподақ ұйымдарының бірінің төрағасы да бірнеше несие алып, жеке жинақтарымен бірге 8,4 млн теңгені алаяқтарға аударған.
Ірі қазақстандық акционерлік қоғамдардың бірінің қауіпсіздік қызметінің басшысы 10,6 млн теңгесінен айырылған. Астанадағы жеке компания басшысына полиция қызметкері” қоңырау шалып, нәтижесінде ол 10 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген. Шығыс Қазақстан облысындағы бір ЖШС менеджері “Ұлттық банктен” келген қоңыраудан кейін 8,4 млн теңгеге жуық несие алған. Петропавл қаласының мектеп логопеді “қауіпсіздік қызметінің кураторының” нұсқауымен 2,5 млн теңге несие рәсімдеген. «Сәлемдемелерді алу үшін» Петропавл қаласының жеке кәсіпкері 22,8 млн теңге, Шығыс Қазақстандағы ауыл мұғалімі 7,5 млн теңгеге жуық, Степногорск қаласының зейнеткері 6,5 млн теңге, Жамбыл облысындағы жерүсті басқару станциясының аппаратшысы шамамен 4,8 млн теңге несие алған.
Сонымен қатар алаяқтар Instagram желісінде «Grand_instrument.kz» аккаунты арқылы шиномонтаж жабдықтарын сатуға жарнама таратқан. Сатып алушылардан 30–50 пайыз алдын ала төлем алып, кейін ізін суытқан. Бұл аккаунттың артында кім тұрғаны анықталмаған, алайда қылмыстық схемадан түскен ақша тергеу нұсқасы бойынша Горяйновтың сыбайластары тапқан дропперлердің шоттарына түскен және барлық деректер оған берілген. Жалпы жәбірленушілер саны шамамен — 35 адам. Келтірілген жалпы шығын 245 млн теңгеден асты. Сот процесі жалғасуда.
Тағы оқыңыз: Петропавлда іздеуде болған жігіт өлі табылды

