Қызылжар ауданы Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгетін реконструкциялауға Үкімет резервінен шамамен 1,4 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынына қарсы құрылыстарды нығайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүргізілуде. Реконструкциялау жұмысының мақсаты – құрылыстың беріктігін нығайту және елді мекеннің толыққанды қорғалуын қамтамасыз ету. Бөгетті толық қайта жаңғырту жобасына автожолдарды қалпына келтіру, темірбетон плиталарын төсеу, дренаж жүйесі және абаттандыру кіреді.
Барлық іс-шара аяқталғаннан кейін гидрологиялық нысанның жоғарғы деңгейі 2024 жылғы су тасқынының ең жоғары деңгейіне тең деңгейде белгіленеді. Жобаны жүзеге асыру мыңға жуық халқы бар Тепличное ауылын су тасқынынан қорғауды қамтамасыз етеді.
«Үкімет елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстарын жүргізуде. Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша алты өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу бойынша 57 жоба, оның ішінде 13 жаңа нысан құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 57 нысанның 40-ы аяқталды, 221 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды, бұл жұмыстың 91%-ын құрайды», — делінген Үкіметтің ресми парақшасында.
Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгеті 1980 жылы пайдалануға берілген. Бастапқыда бөгеттің ұзындығы 380 метр, орташа ені 11 метр, орташа биіктігі 4 метр болған. 2024 жылғы су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары кезінде бөгеттің ұзындығы ұлғайтылды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар АИ-92 бензині қымбаттаса немесе автогаз тапшы болса, шағым түсіре алады

