Петропавлда 14 жасар қызды жыныстық қатынасқа тартқан мектеп психологы сотталды. 28 жастағы азамат Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін мектепте жұмыс істеген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Осы оқиғадан кейін оны бірден жұмыстан шығарған. Мұны Qazaqstan Media редакциясына облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы хабарлады.
Аталған іс жабық режимде өтті. Оны СҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты қарастырды.
Оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Мақсат Бапашев жалға алған пәтерлердің бірінде П. есімді оқушы қыздың келісімімен жыныстық қатынасқа түскен. Бірақ ол сол сәтте оның кәмелет жасына толмағандығын білген. Ал 2024 жылғы қаңтардың 3 күні осы жағдай қайталанған.
Сот отырыс барысында Мақсат Бапашев өз кінәсін мойындады. Прокурор оны 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған.
«ҚР ҚК 122-бабы 1-бөлігі бойынша сот Б.-ны кінәлі деп таныды және оның әрекетінің қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, оған 2 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады», — делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ сотталушы өмір бойы педагогикалық лауазымдар мен кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Қуандық Рахымның концерті өтпейтін болды