Петропавлда Қуандық Рахымның концерті өтпейтін болды

Петропавлда жарияланған төтенше жағдайға байланысты мәдениет ошақтарында жоспарланған концерттер мен қойылымдар өтпейтін болды. Олардың кейбірі кейінге шегерілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Бүгін, яғни 19 сәуір күні кешкі 19:00 Петропавлдағы «Жастар» сарайында қазақ эстрадасының жұлдызы Қуандық Рахым мен Альбина Шардарованың «Болайық бірге» атты ән кеші өтуі тиіс еді. Алайда облыс орталығында жарияланған төтенше жағдайға байланысты концерт болмайды.

Петропавлда Қуандық Рахымның концерті өтпейтін болды

 

«Сондай-ақ «Княжичи» ерлер хорының, Нұрлан Шолақовтың «Король және лир» концерті болмайды. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жоспарланған қойылымдар да өтпейтін болды. Тұрғындарға алдын ала ескерттік. Билеттерді қайтарып беруге болады» – дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бөлімінің басшысы Аягөз Нұрсейітова.

Ал кей шаралар кейінге шегеріліп отыр. Айталық, 24 сәуір күні өтуі тиіс «Mezzo» тобының концерті 29 мамырға жоспарланған. Тұрғындардың билеттері сақталады не қайтарып беруге болады.

Петропавлда Қуандық Рахымның концерті өтпейтін болды

Петропавлда Қуандық Рахымның концерті өтпейтін болды

«Өңірдегі жағдай тұрақталғанша дейін осындай шара қолданып отырмыз. Бюджет қаражатын бөлуді қажет ететін имидждік іс-шаралар жоспарланбаған», – деді Аягөз Нұрсейітова.

Өңірде төтенше жағдай басталғалы бері барлық мәдениет ошақтары су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда. Сала қызметкерлері Ойқала ауданы, Заречный кенті мен Бескөл ауылындағы бөгеттерді салуға және нығайтуға көмектесті.

«Аймағымызға Қарағанды және Ақмола облыстарынан көмектесуге келген әскерилер мен еріктілерге түскі ас пен шай дайындап, оны таратуға жәрдемдесті. Сондай-ақ өзге өңірлерден келген гуманитарлық көмекті қабылдап, сұрыптауға ат салысты. Ал Ақан сері атындағы облыстық филармония ғимаратында зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған пункт ашылды. Онда мұқтаж азаматтарға ауыз су мен киімдер таратылды», – деп толықтырды ведомство өкілдері.

Тағы бір айта кетерлігі, өңірге Ақмола облысының мәдениет ошақтары үш «Газель» гуманитарлық көмек жеткізді. Су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарға астаналық әртістер де қолдау көрсетті. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» концерттік ұйымы, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония және «Астана опера» театры гуманитарлық көмек тиелген алты жүк көлігін жіберген.

Тағы оқыңыз: СҚО-дағы жеті мектептің оқушылары тоқсандық қорытындылаудан босатылады

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x