Есіл ауданында болған жол апатынан зардап шеккен тағы бір адам қайтыс болды. 45 жастағы келіншек 11 күн бойы аудандық ауруханада ес-түссіз жатқан еді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ақпанның екісі күні «Петропавл-Жезқазған» тасжолында ірі жол апаты болды. Есіл ауданындағы Покровка және Петровка ауылдарының арасында Howo жүк көлігі мен Toyota Camry автокөліктері соқтығысып, нәтижесінде жеңіл көліктің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Қалған 4 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен аурухана жеткізілген еді. Дәрігерлер 45 және 20 жастағы пациенттердің жағдайы ауыр деген болатын.
«Екі пациент ауыр халде Есіл аудандық ауруханасына жеткізілді. Жансақтау бөлімінде жатыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратымен демалуда», — деп хабарлаған болатын СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Осыған дейін біз жол апатынан зардап шеккен 20 жасар қыздың қайтыс болғандығы туралы хабарлағанбыз.
Еске сала кетейік, қазір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалған. 63 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі күдікті деп танылып, үй қамаққа алынды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ТҮКШ жаңғырту бағдарламасы сылбыр жүргізіліп жатыр