Солтүстік Қазақстан — тұрғындар саны аз өңірлердің қатарында. Соңғы дерек бойынша халық саны 537 048-ге жеткен. Биыл өңірге 3 мыңға жуық адам, оның ішінде 207 қандас қоныс аударады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге қаражат бөлінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
2016 жылдан бастап облысқа еңбек күші артық өңірлерден 14 мыңнан астам адам көшіп келген. Теріскейге қоныс аударушыларды материалдық жағынан қолдауға республикалық бюджеттен 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Өткен бір жылдың ішінде өңірге еліміздің 9 өңірінен 711 отбасы және шетелден 200-ден астам қандасымыз көшіп келген. Қоныс аударған азаматтарға материалдық көмек көрсету мақсатында былтыр 1231 млрд теңге қаржы бөлінген және бағдарлама аясында оларға жылпы сомасы 586 млн теңге субсидия берілген. Алайда қоныстанушылардың кейбірі жаңа мекенге үйрене алмады, салдарынан 2016 -2023 жылдар аралығында 1000-нан астам адам кері қайтты. Ал биыл өңір 2909 адамды қабылдауға әзір.
«Бүгінгі күні 2023 жылғы жоспар бойынша квотаны 100%-ға орындадық. 2023 жылы 2460 адам қоныс аударды. 265 адам қандас басқа мемлекеттерден қоныс аударып келді. Сол кісілерге 1 млрд-тан 200 млн-нан астам қаражат бөлінді. Соның ішінде Еңбек мобильді сертификат, экономикалық мобильдік сертификат беріледі»,-деді облыстық еңбек мобильді орталығының директоры Аман Төрегелдин.
Азаматтарды солтүстікке көшіру ісі биыл да жалғасады. Ол «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады. Бұл бағдарлама аясында көшуге материалдық көмек беру, тұрғын үйді жалдауға ақы төлеу, техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға жіберу, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу сынды көмек түрлері қарастырылған. Яғни, көшуге материалдық көмек бір рет, отбасының әрбір мүшесіне бір мезгілде 70 АЕК мөлшерінде беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеуге, қаржылай көмек ай сайын, отбасы құрамына байланысты он екі ай бойы 15-30 АЕК мөлшерінде төленеді.
«391 жанұяға көмек ретінде 645 млн қаражат бөлінді. Ол қаражат қоныс аударған кісілерге үй сатып алуға беріледі. Заң бойынша 4 млн 252 мың теңге. 50% үйдің құнын мемлекет субсидия ретінде төлейді. Осы 2024 жылы квота бойынша 2707 азамат пен 207 қандас солтүстікке қоныс аударады»,-деді облыстық еңбек мобильді орталығының директоры Аман Төрегелдин.
Қазіргі таңда Еңбек мобильдігі орталығы жанынан қандастарға және басқа өңірлерден қоныс аударушыларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында арнайы орталық та ашылған.
Тағы оқыңыз:Петропавлда бұралқы ит пен мысық қаптады