Петропавлдағы жатақханалардың бірінде 47 жастағы қала тұрғыны синтетикалық есірткі сатып келген. Жалпы өңірде өткен 11 айда есірткі өткізудің 104 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі
Петропавлдағы жатақханалардың бірінде тұратын әйел өз бөлмесінде есірткі сатып келген. Әрі сол жерде есірткі қолдануға рұқсат берген. 47 жастағы келіншектің төртінші сыныпта оқитын қызы бар екен. Полицияға бұл жағдай туралы жатақхана тұрғындары хабарлапты.
«Тұратын жерін тінту кезінде «тұз» есірткі заты бар төрт түйіншек табылды. Қазіргі уақытта ұсталған әйел адам ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабының тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның іс-әрекеті ҚР қылмыстық кодексінің 297-бабы – есірткі заттарын өткізу бойынша сараланады», — деді қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Қанат Фазылов.
Қазіргі уақытта есірткі қылмысымен айналысып келген әйелдің қызы әжесіне берілген. Ал күдікті 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тағы оқыңыз:Шал ақын ауданында бір жылда 100-ге тарта спорттық жарыс ұйымдастырылған