1 шілдеден бастап Солтүстік Қазақстан облысындағы Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің 14 бөлімшесі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына қосылды. Бұл өзгеріс тұрғындардың барлық қызметтерді бір жерде алуы үшін жасалып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Серік Бейсенов АХАТ бөлімінің қосылуы жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Маман бұл өзгерістің қолайлы тұстарын, қызмет көрсету саласына қалай әсер ететінін баяндады.
«АХАТ бөлімі ауысқасын деректеріміздің жайы не болады деп алаңдап жатқан азаматтар бар. Бірақ, бұған еш негіз жоқ. АХАТ дерекқорына мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын АХАТ мамандары ғана қол жеткізе алады. Басқа ешкімнің қол сұғуына құқығы жоқ. АХАТ бағыты бойынша мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі бұрынғысынша қалады, барлық қызметтер мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес көрсетілетін болады. Қазіргі уақытта ақылы тарифтер мен АХАТ-тың тегін қызметтері бекітілген», — деді Серік Бейсенов.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміндегі барлық әлеуметтік қызметтер тегін көрсетіле береді. Ақылы түрлерінде өзгеріс бар. Мәселен, некені тіркеу құны енді 3874 теңге тұрады, осыған дейін 3450 теңге болатын. Ортақ келісім бойынша некені бұзу – 7728 теңге болып белгіленді. АХАТ бөлімі бөлек жұмыс істегенде қызметкерлер шаңырақ құру жайлы өтінішті қабылдап, тіркеу күнін белгілеп, құжат беруге ғана құқылы еді. Енді барлық коммерциялық қызметтерді көрсетуге рұқсаттары бар.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімі: Бір ағашты кескеннен кейін, орнына бесеуін отырғызатындай қылу керек