Ауған соғысының ардагерлері тұрғын үй ала алмай жүр

СҚО-да ауған соғысының 60 ардагері баспанаға мұқтаж. Олардың пәтер кезегінде тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Qazaqstan Media тілшісі СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Ерік Тәттібаевпен сұхбаттасып, интернационалист-жауынгерлерді мазалайтын  мәселелермен танысты.

Солтүстік Қазақстан облысынан Ауған соғысына 1500 жауынгер жіберілген. Оның 46-сы Ауғанстан Демократиялық Республикасында мерт болды. Алған дене жарақаттары мен ауру салдарынан азаматтардың жартысынан көбі о дүниеге аттанды. Өкінішке қарай, ардагерлер саны жыл санап азайып келеді. Ерік Тәттібаевтың сөзінше, 2020 жылы 7 жерлесіміз қайтыс болған. 2021-де – 5, 2022 жылы 12 ардагер көз жұмды. Қазіргі уақытта өңірде шамамен 620-сының көзі тірі.

«Ауған соғысына қатысқандардың бірінің де денсаулығы мәз емес. Өйткені, ұрыста алған жарақаттары сыр бере бастады. Оның үстіне, ол кезде сапалы ауыз су да болмады, өмір сүру жағдайы да нашар еді. Осының бәрі ағзаға әсер етпей қоймады. Сондықтан емдеу мекемелеріне жиі жүгінеміз. Бірақ ол жерде де проблемалар жетіп артылады. Дәрігердің қабылдауына жазылу үшін біраз уақыт жоғалтамыз. Біздерді ардагер ретінде кезексіз қараса жақсы болар еді. Тегін сақтандыру жасалса екен дейміз», – дейді Ерік Тәттібаев.

Ардагерлердің басты проблемасы – тұрғын үй мәселесі. 60 азаматтың әлі күнге дейін баспанасы жоқ. Кейбірі пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Интернационалист-жауынгерлер үй алу үшін кезекке осыдан бірнеше жыл бұрын тұрған. Алайда, бұдан еш нәтиже жоқ.

«Өткен жылы қала әкімінің орынбасары ардагерлерге 6 үй берілетінін айтты. Олар 2023 жылдың басында жаңа пәтерлерге кіруі тиіс еді. Кейін бұл шілде айына ауыстырылды. Қазір мүлдем хабар жоқ. Баспананың қашан берілетіні белгісіз. Сол кездесуде бізге өзгерістер енгізілгендігі де айтылды. Яғни, бұдан былай тегін және жалдамалы пәтерлер үлестірілмейді деді. Сонда 6 азамат үй алды делік, ал қалған 54-і не болмақ? Солай қаңғырып өтеді ме?», – деп налиды одақ төрағасы.

Интернационалдық борышын өтеген жандардың проблемасы мұнымен бітпейді. Төленетін қаржылай қолдау бойынша да шикіліктер бар екен.

«Жыл сайын ақпанның 15-і күні ардагерлерге қаржылай көмек көрсетіледі. Басқа өңірдің тұрғындарына 100-150, тіпті 200-250 мың теңге беріледі. Ал біз соңғы рет небәрі 47 мың ғана алдық. Биыл ел Президентіне осы мәселе бойынша 3 хат жазып жібердік. Әйтеуір, содан кейін бізге де 35 АЕК мөлшерінде қолдау көрсетілді. Алайда, тағы проблемасыз болмады. Қалалықтарға 35, елді мекендіктерге бар-жоғы 15 АЕК-тен төледі. Бұл дұрыс емес қой», – дейді Ерік Тәттібаев.

Тағы оқыңыз: Шомылу маусымы басталмай жатып, солүстікқазақстандықтар суға түсіп жүр

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x