25 наурыз бен 24 сәуір аралығында Zhas Project әлеуметтік жобалар байқауына өтінімдер қабылданады. Жоба шеңберінде жастарға 1 миллион теңге көлемінде шағын грант беру көзделген, деп хабарлайды Qazaqstan media тілшісі
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, жоба еліміздің барлық 20 өңірінде іске асырылады. Байқауға NEET санатындағы (экономикалық, әлеуметтік немесе саяси факторларға байланысты жұмыс істемейтін, оқымайтын жастар) 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатыса алады.
«2022 жылдан бері жастарды жергілікті қоғамдастық қызметіне қайта тарту мақсатында Zhas project гранттық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға және қоғам өміріне қатысуға, жеке тұлға мен әлеуметтік институттар арасында сенім орнатуға, әлеуметтік жобалардың тұрақты экономикалық моделін құруға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаларды оқыту мен іске асыру арқылы NEET санатындағы жастар оң және нәтижелі қызметке тартудың бірегей тәжірибесін алады», — деді Қайрат Қамбаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Байқауға ұсынылатын жобалар жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталып, 4 айдан аспайтын мерзімде іске асырылуы қажет. Шағын гранттарды іске асыруда білікті жаттықтырушыларды, тәлімгерлерді, психологтарды және әлеуметтік жобаларды іске асыру мамандарын тарта отырып, жастарға заңгерлік және консультациялық қолдау ұйымдастырылады. Жобаны сапалы әрі тиімді іске асыру үшін әр өңірде жобалық кеңсе ашылды, колл-орталықтар құрылды, жастар жобаларын қабылдау үшін сайттар ашылды. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының cisc.kz ресми сайтында арнайы Zhas project парақшасында әр өңірдің байланыс телефондары көрсетілген.
2024 жылғы 15 мамырда интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде іріктеу нәтижелері жарияланады. Ал қараша айында үздік жобалардың қатысуымен қорытынды форум өтеді.
Тағы оқыңыз:СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметінен кетті