Уәлихановтықтар президент үндеуін талқылауда

Уәлиханов ауданының тұрғындары Президент үндеуін талқылап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздері шынымен де тұрғындарға күш-жігер бергендігін айтады. Бұл туралы Qazaqstan Media тілшісімен тілдескен аудандық мәслихат депутаты Серік Әбілдин баяндады.

Бүгін, 2024 жылғы 6 сәуір күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады. Онда президент қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отырғандығы және мұндай ахуал соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екендігін мәлімдеді.

Расында да, биыл қыста қар қалың жауып, күн ерте жылынды. Салдарынан қар ерте ерігенімен жердің беті қатып жатты. Ол жағдайды ушықтырды. Сөйтіп, еліміздің көптеген аймақтарында су жайылып кетті.

«Сілеті өзені арнасынан асып, жылда аудан орталығынан шалғайда жатқан Құлыкөл ауылына қауіп төндіреді. Биыл да жағдай қайталанып отыр. Дегенмен, құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдері алдында тасыған суды үйлерге жеткізбеу міндеті тұрды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарына түркістандық құтқарушылар да көмекке келді», — дейді Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаты Серік Әбілдин.

Сөйтіп, олар наурыз айынан бастап алдын алу шараларын бастаған. Осы уақыт аралығында үлкен жұмыс атқарылды. Өзендердегі мұздар жарылып, уақытылы инертті материалдар жеткізілді. Осының арқасында ауылға су кірмеді. Бірақ Қаратал мен Береке ауылдарының тұрғындары ауылдық округ орталығына қатынай алмай қалған. Оларға төтенше жағдайлар департаментінің  мамандары көмекке келді. Құтқарушылар арнайы моторлы қайықпен тұрғындарды тасымалдап, қажетті заттарды ауылдарға жеткізіп отырған.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ата-бабамыздан қалған сөз бүгіндері өте өзекті болып отыр. Осындай жағдайға тап болғанда әрине, бірлік керек. Сондықтан ауылдың жағдайына жаны ашып, қол ұшын созған әрбір азаматқа ауылдық округ тұрғындарының атынан шексіз алғысымызды білдіреміз. Президентіміз: «Жағдай өте күрделі болса да,  біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы» деген болатын. Мемлекет басшысының осы бір сөздері өте орынды айтылған әрі қиындыққа тап болған қазақстандықтарды жігерлендіріп, күш береді», — деді Серік Әбілдин.  

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x