Тайынша ауданында көктемгі су тасқынына дайындық қызған. Ауданнан 45 мың текше метрге жуық қар шығарылып, 1200-ден астам қап инертті материал әзірленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тайынша ауданында 40 мыңнан астам адам тұрады. Ауданға биыл жауын-шашын көп мөлшерде жауғанымен жергілікті билік өкілдері су тасқынынан келер қауіп жоқ дейді. Себебі, ауданда тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Наурыз айының басында «Көктем-2024» оқу- жаттығулары да өткен.
«Су өткізгіш құбырлардың барлығы тазартылды. 1278 қап инертті материал дайындалды. Барлық қажетті техника бар. Мотор сорғыларының барлығы жұмыс істеп тұр. Және биыл аудан әкімдігі алты жаңа мотопомпа сатып алды», — деді Тайынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Руслан Әбдікәрімов.
Жаңадан сатып алынған мотопомпаның екеуі Тайынша қаласындағы жаңа ықшам ауданда қойылған. Олардың әрқайсысы сағатына 260 текше метр су сорып алуға қауқарлы.
«Ауылдық округтердегі көшелер мен аулаларда әлі де қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тайыншада кейбір құбырлар бітеліп қалып еді. Қазір оларды тазалап жатырмыз. Жалпы ауданда қатты су тасқыны болмайды деп болжануда», — деді Руслан Әбдікәрімов.
Ауданның бас құтқарушысының сөзінше, Шағалалы су қоймасында да жағдай тұрақты. Әзірге одан келер қауіп жоқ екен.
«Шағалалы өзені әлі сол қалпында, қозғалмай тұр. Яғни, арнасынан асқан жоқ. Әзірге үйлерге төніп тұрған еш қауіп жоқ. Жалпы барлығы ауа райына байланысты. Егер түнде ауа температурасы нөлден жоғары болса, әрине су басу қаупі арта түседі. Дегенмен бұл аса қорқынышты емес. Қалай болғанда да, біз барлық жағдайға дайынбыз», – деді Руслан Әбдікәрімов.
Айта кету керек, тамыз айында Тайынша ауданы Заречный ауылында жаңа көпір пайдалануға беріледі.
Тағы оқыңыз: Екі бала мен әйел қаза тапты: Петропавлда болған өртке қатысты істі алқабилер соты қарайтын болды