секта

Петропавл тұрғындары жеке тұлғалық өсу курстарына қатысамыз деп ресейлік тоталитарлық секта мүшелерінің құрбаны болған. Бүгіндері «Шамбала Ашрам» сектасының  құрығына ілінгендер саны 30 мыңға жуықтаған. Өкінішке орай, ұйымның қызметін толық тоқтату әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Секта құрбаны болған бойжеткендер Qazaqstan Media редакциясына жүгініп, өздерінің оқиғаларын айтып берді. Кейіпкерлердің өтініші бойынша олардың есімдері өзгертілген. Анастасия мен Елизавета жаңа білім алып, өзін-өзі дамыту мақсатында арнайы курсқа жазылған. Оларға алғашында түрлі медитациялар ұсынылып, қорғаныс амулеттері мен кітаптар берілген. Секта мүшелерімен байланыс бірнеше жылға созылып, жалған курстардың құны күн сайын өсе берген. Кейінен жас қыздар белгілі бір кездесулерден бас тартқаны үшін моральдық қысымға да ұшырады. Ал, кейін олар тіпті туыстарымен байланысын үзген.  

секта

«Жалған курстарға қатысып, туыстарымызбен байланысты да үзіп алдық. Маған жолдасың өзіңе лайық емес, саған басқа ер азамат керек деп сендірді. Сөйтіп, күйеуіммен ажырасып тындым. Бұдан бөлек, олар анаңды қарттар үйіне, ал балаларыңды жетімдер үйіне тапсыр деп те айтты. Сол кезде ғана мен бір  шикіліктің бар екенін аңғардым. Осыдан күдіктене бастадым», – дейді зардап шегушілердің бірі Анастасия (есімі өзгертілді).

 

«Физикалық тұрғыда жапа шеккен жоқпыз. Алайда психологиялық қысым көрдік. Кездесулерге келе алмаймыз деп талай айттық. Хабарламаларына жауап бермей, жасырынып та көрдік. Соның өзінде бізге тыныштық бермейтін. Сөйтсек, бізді толықтай зерттеп, әлсіз тұстарымызды әбден біліп алған екен.  Кейінгі уақытта қорқа бастадым», – дейді Елизавета (есімі өзгертілді).

Облыстық ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының мамандары РФ-ның екі азаматын ұстаған. Олардың Қазақстанда тіркелмеген діни ұйымның мүшесі екені анықталды. Ресейліктер 2022 жылдан бері қала тұрғындарын «жан тазартуы» болады деген сылтаумен өз секталарына кіргізген. Байланысты түрлі мессенджерлер арқылы орнатқан.

«42 жастағы ер азамат мен 60 жастағы әйел адам жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды. Бұл ұйым Ресей Федерациясында тоталитарлық деп танылып, бүкіл аумағында оның әрекетіне тыйым салынған. Қазіргі уақытта құқық бұзушылардың заңсыз әрекеттеріне тексеру жүргізілуде», – дейді СҚО ПД басшысының орынбасары Руслан Назаров. 

Тоталитарлық сектаның өкілдері қаңтар айында ұсталған. Алайда маусым айында іс сотқа жетпей жабылған. Яғни, секта мүшелері бүгіндері тайраңдап бос жүр.

«ТМД елдеріндегі ең қауіпті ұйымдардың бірі -«Шамбала Ашрам» болып саналады. Олар Қазақстанға басқа ат жамылып кіріп, халықты алдап-соғуы мүмкін. Бұл ұйымдар өздерінің жақтаушыларын жинайды, сенгіш адамдарды өздеріне мүшелік етуге шақырады. Әйелдермен сұлулық және тұлғалық өсу туралы семинарлар өткізеді. Адамдар кейде мұның астарында не болуы мүмкін екенін ойламайды да. Бұл сектаға кіру оңай. Бірақ уақытылы шығу көптің қолынан келмейді», – дейді СҚО дін істері басқармасының басшысы Рауза Қасенова.

Qazaqstan Media редакциясына жүгінген бойжеткендер өңір тұрғындарын сақ болуға шақырады. Себебі, секта мүшелері гипноз және басқа да тыйым салынған әдістерді қолданады екен. Яғни, адамдарға мықты психологиялық қысым көрсетіледі. Сектаның құрбаны болған қыздар, осы жағдайдан кейін біраз естерін жия алмаған. Тіпті, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген.

«Шыны керек, алданып қалғаннан кейін өз-өзіме келу үшін біраз уақыт кетті. Әлі күнге дейін бойымды бір қорқыныш билейді. Сондықтан қыздар қауымына күдікті курс, тренинг, семинарларға бармаңыздар дегім келеді. Өйткені, олардың арты немен аяқталары белгісіз», – дейді зардап шегуші қыздардың бірі. 

Мамандардың сөзінше, мұндай секталар мен алаяқтардың жұмысы қазір тиімді бизнес көзіне айналған. Сондықтан өңір тұрғынына айтарымыз, өз денсаулығыңыз бен ақшаңызды білікті маманға ғана сеніп тапсырыңыздар. Курстарға барар алдында олардың арнайы сертификаттарын сұрап, нақтылап алған жөн.

Тағы оқыңыз: СҚО-да бруцеллезге байланысты 3 ауылда карантин жарияланған

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x