СҚО-да бруцеллезге байланысты 3 ауылда карантин жарияланған

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 153 малдан бруцеллез ауруы анықталды. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 522 басқа аз, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

СҚО Ветеринария басқармасының берген ақпаратынша, 2022 жылы облыста 675 бас ірі қара мал сырқаттанған. Ал, биыл 153 дерек тіркелді. Сондықтан 3 ауылға шектеу шаралары енгізіліп, карантин жарияланған. Ол: Қызылжар ауданы Байсал ауылы, Аққайың ауданындағы Камышлово мен Ақжар ауданына қарасты Талшық елді мекені.  Ауру жұқтырған сиырлардың барлығы негізгі табыннан оқшауланған. 140 бас санитариялық союға жіберілсе, 13-і сынау нәтижелерін алғанға дейін жеке тұтыну үшін сойылды.

«Санитариялық союға өткізілген мал үшін олардың иелеріне жануарлардың қоңдылық санатына қарай қаражат төленеді және облыстық бюджет қаражатынан ауру малдың орташа айлық нарықтық құнының 30%-ы өтеледі. 2022 жылы мал иелеріне ауру мал үшін шамамен 22 миллион теңге төленді», – дейді СҚО Ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов.

Малдың бойынан бруцеллез белгілері анықталған уақытта ірі қара санитариялық союға жіберіледі. Талап бойынша мерзім 15 күннен аспауы керек. Тиісінше, тұрған қорасына дезинфекция жүргізіледі. Ветеринария басқармасының мәліметінше, облыста жыл сайын бруцеллез тіркелетін елді мекендер бар.

«Мысалы, Ақжар ауданы Тұғыржап ауылында ірі қара мал бруцеллезі жыл сайын тіркеледі (2021 жылы – 2 бас, 2022 жылы – 23 бас). Алайда, 2022 жылғы күзде мал иесі Р. Жакулин 8 бас ауру малды санитариялық союға өткізбеген. Олар табында болғандықтан, өзге малға ауру жұқтырған. Нәтижесінде 2023 жылдың басынан бастап 23 бас ауру мал анықталды. Р. Жакулинге қатысты тиісті шаралар қолданылды», – деді Жанат Әміржанов.

Еліміздегі малдарға бруцеллезге қарсы вакцина қойылып отырады. Дерттен сақтану үшін ауылдардағы немесе шаруашылықта тұрған барлық жануарға екпе салу керек. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

«Бұл үшін вакциналарды сатып алу қажет (1 доза шамамен 1000 теңге), содан кейін ветеринарлық қызметтің бақылауымен вакцина егіліп, тізімдеме жасалады. Жыл басынан бері өңір бойынша ветеринариялық зертханада ірі қара мал бруцеллезіне қарсы вакциналанған 6 347 бастан алынған материалға зерттеулер жүргізілді», – дейді маман.

Айта кетсек, теріскейде сынамалар алу және ветеринариялық зертханаға жеткізуге облыстық бюджеттен 430,4 млн. теңге бөлінді.

Тағы оқыңыз: Петропавлда 18 қабатты үйдің іргетасы жарылып, құрылыс тоқтатылды деген ақпарат жалған болып шықты

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x