СҚО-да 9 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны өскен. Өткен жылы 21 факті болса, биыл 28, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы уәкілетті және мемлекеттік органдардың кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі заңнаманы сақтау туралы кезекті алқасының отырысы өтті. Оған жасөспірімдер істері жөніндегі комиссиялардың тиісінше үйлестірмеуі, профилактиканың жүйелі болмауы және заңда көзделген шараларды қабылдамауы себеп.
Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңнама талаптарын жүйелі бұзушылықтар анықталды. Мысалы, «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуын ескерту туралы» ҚР Заңының талаптарын бұза отырып, 27 мыңнан астам бала оқитын облыс орталығының 37 мектебі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілмеген.
Қадағалау органдары араласқаннан кейін ғана білім беру мекемелерінің әкімшілігі мектептердің күзет қызметтерін күшейткен.
“Петропавл қаласы мен М. Жұмабаев ауданының ювеналды полиция органдары Комиссия отырысына қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдерге қатысты материалдарды жібермеген.
Сонымен қатар, профилактика бойынша кешенді жұмыстың болмауына байланысты, облыс орталығында жасөспірімдердің есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау фактілері жиілеп кетті”-деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.
Тағы оқыңыз: Е. Степаненко: 2025 жылы Мамлют ауданының әр ауылында таза ауыз су болады