Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кезекті жиыны өтіп, онда 2023 жылдың 11 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралды. Кей аудандарда ет, сүт және жұмыртқа өндірісі төмендеген. Бірақ осыған дейін өткен жиындарда аудан басшылары жағдайды түзетеміз деп талай рет уәде берген. Алайда жыл аяқталуға жақын, ал көрсеткіштер сол қалпы қалған. Сондықтан аймақ басшысы сылтау айтып келген атқамінерлердің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жұмыс істеудің орнына сылтау іздегендердің бірі — Қайрат Омаров. М. Жұмабаев ауданының әкімі осыған дейінгі жиындарда ет өндірісі көлемінің төмендеуіне бірқатар түсініспеушіліктер себеп болды деген. Алайда жыл аяқталса да, жағдай түзетілмеген.
«Ет өндірісі Ғ.Мүсірепов ауданында 178 тоннаға, М.Жұмабаев ауданында 71, Мамлют ауданында 31, Есіл ауданында 75 тоннаға азайған. Аталмыш аудандарда өндірістің төмендеуі бірнеше ай бойы байқалады. М.Жұмабаев ауданының әкімі осыған дейінгі жиналыстарда ет өндірісінің төмендеуін бухгалтерияның қателігі деп түсіндірген болатын. 10 айдың нәтижесі бойынша есепте, барлығын түзетеміз деген еді. Бірақ аудан әкімі өз уәдесінде тұра алмады», — деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облысық әкімдікте өткен жиында.
Осы жағдайға қатысты түсініктеме берген М. Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров, бүгінгі таңда шаруалар малды тірідей өткізіп жатыр. Сондықтан ет өндірісінде төмендеу бар, деп тағы ақталмақ болды.
«Бұл бір айдың көрсеткіші емес, жаздан бері осындай жағдай байқалып келе жатыр. 9 айдың қорытынды жиынында сіз, есепшінің қателігі дедіңіз. Оның бәрі хаттамада жазылған. Егер жағдайды дұрыстай алмайтын болсаңыз бірден айту керек еді. Себептерін анықтап, түсіндіру қажет. Сіз аудан әкімісіз. Осы сандар үшін жауап бересіз», — деді облыс әкімі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қатты аяздың орнын көктайғақ пен боран басты