Солтүстік Қазақстанда қызылшаға қарсы екпені 256 пункте алуға болады. Оның 28-і облыс орталығында орналасқан, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бүгінгі күні өңірде 47 адам қызылша жұқтырып, тіркеуде тұр. Дертке шалдыққандардың көбі 17 жастан асқандар. Науқастардың 86% — ы екпе алмағандар екен.
«Екпе алмаудың түрлі себептері бар. Кейбірі қарсы болса, енді біреулері вакцина салуға жастары келмеген. Бұл балаларға қатысты. Кейбірінде медициналық көрсеткіш болды. Қызылша жұқтырғандардың 42-сі қала тұрғыны», — деді облыстық санитариялық-эпедимиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Қосымша жаппай иммундау шарасы аясында СҚО-да 1661 балаға вакцина салынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңірде екпенің 9624 дозасы бар. Оның 6 мыңнан астамы медициналық ұйымдарға таратылған, қалғаны қоймада сақтаулы. Сонымен қатар тағы 30 мың доза вакцинаға тапсырыс берілді. Ол желтоқсан айында жеткізіледі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да мамандар 16 ауылды жарықпен қамтамасыз ете алмай отыр