Солтүстікқазақстандық режиссер балаларды актерлік және ораторлық шеберлікке үйретіп жүр

Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Мамлютка қаласында балаларға арналған актерлік, ораторлық шеберлік мектептері ашылады. Оның негізін солтүстікқазақстандық режиссер Дамир Макимкенов қаламақ. Қазір 29 жастағы азаматтың 2 жеке мектебі бар. «БРОДВЕЙ» деп аталатын орталық Петропавлда және Бескөл ауылында жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Соңғы жылдары Дамир Макимкеновтың есімі облыс аумағында кеңінен таралып жүр. Қоғамдағы өзекті мәселелер жерлесіміздің қысқаметражды фильмдерінен көрініс табуда. Режиссер алғашқы сценарийін 2020 жылы жазып, «Дедушка» атты туындысын көпшілік назарына ұсынды.

«Отандық фильмдерді қарап, неге Петропавлда осы істі қолға алмасқа деген ой келді. Өйткені, көптеген қалаларда кино түсіріп жатады. Ал бізде бірде-бір қысқаметражды фильм жоқ. Жалпы, «Дедушка» фильмі үлкендерді сыйламайтын, қарт ата-анасын құрметтемейтін жастар туралы. Туындыда ең жақын адамдарымыздың біз үшін қаншалықты қымбат екендігі көрсетілген. Түсірілім облыс орталығы мен Бескөл ауылында өтті. Фильмге орыс драма театрының актерлері түсті», — дейді Дамир Макимкенов.

Жас режиссер мағыналы фильм түсіруге аса мән береді. Сюжетте белгілі бір мәселені көтеріп, соңында шешу жолдары мен қорытындысын көрсетуге тырысады екен. Туындыларын көбіне үйде не әсем табиғат аясында түсіреді.

«Кеше ғана YouTube каналына «Ахмет» фильмі шықты. Қазақ тілінде түсірілген кино зағип анасы жетімдер үйіне қалдырып кеткен бала туралы. Мұндағы рөлдерді қазақ театры мен қуыршақ театрының актерлері сомдады», — дейді режиссер.

Қысқаметражды фильмдерді түсіру үшін әрдайым кәдімгі кастинг ұйымдастырылып отырады. Дамирдің сөзінше, киноға түскісі келетіндердің қатары қалың. Алайда, олар актерлік және ораторлық шеберлік жайында біле бермейді, яғни кейбірінің бойында мұндай қасиеттер жоқ немесе әлі дамымаған. Сол үшін режиссер балаларға арнап арнайы мектеп ашқан.

«Қазіргі уақытта актерлік шеберлік пен ораторлық өнер бойынша 2 мектебім бар. Шәкірттерге С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актерлері сабақ береді. Орталығымызды «БРОДВЕЙ» деп атауды жөн санадық. Бүгінде Петропавл мен Бескөлде балаларды театр мен киноға дайындап жүрміз. Енді қыркүйек айында Мамлютка қаласында үшінші мектебімізді ашу жоспарланып отыр», — дейді Дамир Макимкенов.

Дамирдің алға қойған жоспарлары ауқымды. Ең негізгісі – Петропавл қаласында толықметражды фильм түсіру. Бұдан бөлек, мектептерде бірыңғай форма енгізуді көздеп отыр.

Тағы оқыңыз: Петропавлдықтар қоқыс шығаратын компаниялардың жұмысына наразы

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x