Аққайың ауданы Смирново ауылында су мәселесі әлі де өзекті. Елді мекен тұрғындары осымен төртінші күн тіршілік көзіне зар болып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Смирново ауылының тұрғындары шілденің шіліңгір ыстығында сусыз отыр. Білдей бір аудан орталығында мұндай жағдай жыл сайын қайталанады екен. Проблема әсіресе жаз мезгілінде, аптап ыстық күндері өзекті. 2 қабатты үйде тұратын Әсел Мұқанова 4 күн бойы тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Күндіз су мүлдем болмайды, ал түнде кейде берілетін көрінеді. Сол кезде тұрғындар бос ыдыстарының барлығын толтырып алуға тырысады.
«2 қабатты үйдің дәретханасы ішінде. Бұдан сусыз қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Кеше мәселен, түнгі 12-ден кейін барып қана су берді. Бұл уақытта жанталасып су толтырмақшы боламыз. Таңғы 6-да қайтадан өшірді. Құдықтарда да су жоқ. Болған күннің өзінде қысымы төмен. Сондықтан өте баяу ағады. Тұрғындар 40 минут, 1 сағаттай құдық басында тұрады», — дейді Әсел Мұқанова.
Осыған дейін аққайыңдықтар проблема жайлы Telegram каналға жазып, шағымданып келген. Оны да бұғаттап тастаған. Енді шырылдаған халық жанайқайларын кімге, қалай жеткізерлерін білмей дал. Бар сұрайтындары — ел қатарлы сапалы тіршілік көзімен қамтылу.
«Аққайың-Комсервис» су үшін тұрғындардан ақша жинайды. Олардың өздерінің диллерлері бар. Түсінгеніміз бойынша, жаңағы айтқан серіктестік «Есіл су» компаниясына ақша қарыз. Сол үшін біздің суды тоқтатын көрінеді. Әбден қажыған тұрғындар су үшін тікелей өзіміз қаражат беріп отырайық деген ұсыныс тастады. Бірақ бізді тыңдап жатқандар жоқ. Ал, халық болса проблеманың тезірек шешілгенін қалайды. Былай жалғаса берсе, арты неге әкеліп соқтыратынын ойлауға да қорқамыз», — дейді ауыл тұрғыны.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 527 мас жүргізуші ұсталды