Солтүстік Қазақстан облысында 15 жұмыс беруші шетелдіктердің еңбегін заңсыз пайдаланған. Рұқсат құжаттарынсыз еңбекке тартқан мердігерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Маусымның 19 мен 25-і аралығында көші-қон қызметінің мамандары учаскелік инспекторлар және өзге бөлімшелермен бірлесіп ауыл шаруашылықтарына, құрылыс және сауда объектілеріне рейд жүргізді. Нәтижесінде, Есіл ауданында Өзбекстанның 6 азаматы жұмысқа орналасуға рұқсат қағазынсыз жөндеу жұмыстарына қатысқан. Мұндай жағдай Шал ақын ауданында тіркелген. Онда Тәжікстанның 10 тұрғыны заңсыз жұмыс істеген. Олар мектепті ретке келтіру ісіне тартылған. Аталған фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 5-бөлігі бойынша материалдар жиналды. Шетелдік жұмыс күшін пайдаланған мердігерлер де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Облыста 7 күн ішінде ҚР — да болу ережелерін бұзғаны үшін 212 шетелдік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 80 қазақстандық үш күндік мерзімде органдарға шетелден келген қонақтардың болуы туралы хабарламағаны немесе болу мерзімі өткен шетелдіктердің уақтылы кетуі бойынша шаралар қабылдамағаны үшін тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 15 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Заңнама талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз. Рейдтік іс-шаралар жалғасады», — дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Тағы оқыңыз: 4 күнде облыста 17 мас жүргізуші ұсталды