Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары 1,9 млрд теңге бюджет қаражатын негізсіз жұмсаған лауазымды тұлғалар анықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бюджет қаражатының жұмсалуын талдау шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу фактілері анықталды. Айталық, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының лауазымды тұлғалары балабақша құрылысын жүргізу үшін «Мемлекеттік сатып алу және сәулет-қала құрылысы қызметі туралы» ҚР заңдарының талаптарын бұза отырып, жер учаскесіне құқықтарын анықтайтын құжаттарсыз 1,7 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алулар жүргізген.
«Тағы бір жағдайда, Қызылжар, Уәлиханов аудандарында тіркелген. Мұнда әкімдіктің лауазымды тұлғалары мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына қайшы, ашық конкурстың орнына баға ұсыныстарын сұрау арқылы 107 миллион теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға әрекеттенген», — деп мәлімдеді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Ал Айыртау, Ғ. Мүсірепов, Қызылжар аудандарының әкімдіктері тауардың сапа сертификаттарының болуы туралы талаптарды белгілемеген. Сөйтіп, 148 млн теңгеге спорттық ойын алаңдарын сатып алу үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырды.
«Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алулар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде. Жалпы, жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 8 мемлекеттік сатып алуды жойып, нәтижесінде 1,9 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді», — деді баспасөз қызметіндегілер.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық 133 мыңға жуық баланың шотына Ұлттық қордан ақша түскен