Солтүстік Қазақстанда егіс алқаптарын әртараптандыру биыл да жалғасады. Майлы дақылдарды 751 мың га жерге егу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыс бойынша егіс алқабы – 4,5 млн га құрайды. Оның 3,4 млн гектарына дәнді дақылдар егіледі. Ал 751-і майлы және 379-ы жемшөп дақылдарына бөлінген. Былтыр майлы дақылдар 685 мың га жерге себіліпті.
«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамту үшін қарақұмық алқабы 24 мың гектардан 26 мың гектарға дейін, ұйымдастырылған картоп шаруашылықтарында алқап 6 мың гектардан 7,7 мың гектарға дейін ұлғайтылатын болады», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасар Марат Тасмағанбетов әкімдікте өткен жиында.
Элиталық тұқымның мөлшері де арттырылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша сортты жаңарту пайызы 9,5% -ды құраған. Биыл бұл көрсеткішті 10% — ға жеткізу көзделір отыр.
«Облыста су үнемдеу технологияларын (жаңбырлатып және тамшылатып суару) қолдана отырып, суармалы жерлердің алаңдарын біртіндеп ұлғайту, олардың алаңдарын 2028 жылы 10,1 мың гектарға дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар бар.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын суару алаңы 5,4 мың гектарға дейін ұлғаяды», — деді өз баяндамасында Тасмағанбетов.
Тағы оқыңыз:Петропавлда Ауған соғысы жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды