СҚО-да атышулы әкім қызметінен босатылуы мүмкін

Солтүстік Қазақстанда ауылдық округ әкімі мердігер компанияға тындырылмаған жұмыс үшін ақша аударып, алаңды абаттандыру жұмыстарын қыстың қақаған суығында жүргізген. Осы іс облыстық әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Енді шенеунік қызметінен босатылуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Аталған оқиға Аққайың ауданына қарасты Астрахан ауылдық округінде болған. Жергілікті әкім Руслан Қабатаев 2023 жылғы қарашаның 21 күні «Компания KZ01» ЖШС алаңды абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін келісімшартқа отырған. Құжатқа сай, шаруа 20 күн ішінде аяқталуы тиіс еді. Алайда, жұмыстар уақытылы басталмады.

«Ең алдымен Астрахан ауылдық округінің әкімі мердігер компаниямен келісімге отырған кезде олқылық жіберген. Құжат тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден жасалды. Онымен қоса, шенеунік алаңды абаттандыруға деп бөлінген 1 млн 360 мың теңге қаржыны жұмыстар басталмай жатып төлеп тастаған. Алайда 10 желтоқсанда тындырылуы тиіс шаруа, тек жыл соңында ғана басталған. Яғни, өңірде қатты аяздар болған кезде иесіз жатқан алаңға тас төселіп жатты», — деп жазған өзінің Facebook парақшасында «Әділдік жолы» РҚБ СҚО бойынша филиалының жетекшісі Айнагүл Нұрахметова.

Осыдан кейін жұмыстың сапасы жайлы айтудың өзі артық.

СҚО-да атышулы әкім қызметінен босатылуы мүмкін
СҚО-да атышулы әкім қызметінен босатылуы мүмкін

Осылайша, Астрахан ауылдық округінің әкімі жыл соңында бюджетті игермек болған-мыс.

Аққайың ауданының прокуроры Асқар Кәкімовтың ұсынысы бойынша облыстық әдеп жөніндегі кеңес Астрахан ауылдық округінің әкімін қызметінен босатуды ұсынды. Ал жиынға Руслан Қабатаевтың өзі қатысқан жоқ.

«Әділдік жолы» РҚБ филиалының басшысы Айнагүл Нұрахметованың айтуынша, мемлекеттік органдардың назарынан Руслан Қабатаевтың осы іске дейін бірер күн бұрын жасаған тағы бір келісімшарты қалып қойған. Шенеунік Астрахан ауылдық округінің көше шамдарын қадағалап, қызмет көрсететін компаниямен тікелей шарт жасасқан. Бір қызығы, бұл да жоғарыда айтылған кәсіпорын болып шықты. Атқамінер осы жұмыс үшін де 502 мың теңгені шаруа тындырылмай жатып аударып қойған.

Сәуір айында 41 жасқа толатын Руслан Қабатаев көпшілікке «Обожаю» YouTube арнасында шыққан бағдарлама арқылы танымал. Сол кезде белгілі журналист, блогер Асхат Ниязовқа сұхбат берген Астрахан ауылдық округінің әкімі жалған сөйлеп, кейін оған қатысты қызметтік тергеу басталған болатын.

Тағы оқыңыз: СҚО-да шаруа қожалығы басшыларының үстінен іс қозғалды

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x