Солтүстікқазақстандық полицейлер жыл басынан абаттандыру ережелерін бұзудың 4 мыңнан астам фактісін тіркеген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жыл басталағы қала бойынша ғимараттардың қасбеті мен іргелес аумақты дұрыс ұстамағаны, қоқысты уақтылы шығармағаны үшін 49 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша хаттама толтырылды. Полицейлердің айтуынша, баптың санкциясы ескерту жасауды немесе жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
«Бұл жұмыстың мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және келбетін сақтау. Жыл басынан полицейлер облыс бойынша абаттандыру ережелерін бұзудың 4390 фактісін тіркеді, оның 565-і сәуір айында», — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
Тағы оқыңыз: Құтырма ауруынан сақтану үшін екпе алу керек – санитар мамандар